Радиофармацевтика ауруды анықтап, емдеуге қалай көмектеседі

WhatsApp Image 2026-09-15 at 15.12.09

Радиация медицинада ауруды анықтап қана қоймай, оны дәл емдеуге мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Ядролық физика институтының мамандары радиофармацевтикалық препараттардың қалай өндірілетінін және олардың заманауи диагностика мен емдеудегі рөлін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Емдейтін радиация: радиофармацевтика заманауи медицинаға қалай көмектеседі
«Радиация» деген сөз көп адамның бойында алаңдаушылық тудырады. Алайда қазіргі медицинада радиация қатаң бақылауды қажет ететін құбылыс қана емес, ауруларды анықтауға, ағзалардың қызметін бақылауға және науқастарды емдеуге мүмкіндік беретін дәлме-дәл құралға айналды. Физика, химия және медицина тоғысқан жерде медицинаның жеке бір бағыты — ядролық медицина қалыптасты.

Ядролық медицинаның маңызды бағыттарының бірі — радиофармацевтикалық препараттар. Бұл — құрамында аз мөлшерде радиоактивті изотоп бар арнайы дәрілік заттар. Ағзаға енгізілгеннен кейін мұндай препарат белгілі бір тіндер мен ағзаларға таралып, сол жерлерде жиналады. Мәселен, кейбір қосылыстар сүйек тінінде көбірек жинақталса, енді біреулері жүректің, қалқанша бездің және басқа ағзалардың қызметін зерттеуге мүмкіндік береді. Арнайы медициналық аппараттар — позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) және бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография (ОФЭКТ) — препараттан бөлінетін сәулеленуді тіркеп, дәрігерге нақты диагноз қоюға көмектеседі.

Ядролық медицинаның басты ерекшелігі де осында: ол ағзаның құрылымын ғана емес, оның қалай жұмыс істейтінін де зерттеуге мүмкіндік береді. Кей жағдайда зат алмасу үдерістеріндегі өзгерістер анатомиялық бұзылыстар көзге анық байқалмай тұрып-ақ пайда болады. Сондықтан мұндай әдістер бірқатар онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және басқа да ауруларды диагностикалауда аса маңызды.

Радиация емдеу мақсатында да қолданылады. Мұндағы принцип дәрілік затты қажетті нысанаға дәл жеткізуге ұқсайды. Радиофармацевтикалық препарат оның әсері қажет болатын аймақта барынша көп жиналатындай етіп таңдалады. Радиоактивті изотоп аз ғана қашықтықта энергия бөліп, қажетті жасушаларға әсер етеді. Бұл ретте мамандардың негізгі міндеті — препараттың қажетті мөлшерін дәл есептеп, емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету.

Радиофармацевтикалық препараттың бір ғана шағын дозасының артында үлкен еңбек жатыр. Алдымен радиоактивті изотоптарды алу, олардан препарат дайындау, оның сапасын тексеру және медициналық мекемеге жеткізу қажет. Бұл үдерісте уақыттың маңызы ерекше. Себебі көптеген медициналық изотоптардың жартылай ыдырау кезеңі қысқа, сондықтан олардың белсенділігі уақыт өте келе төмендейді. Осыған байланысты радиофармацевтикалық препараттарды өндіру жоғары дәлдікті, жақсы үйлестірілген жұмысты және физиктер, химиктер, инженерлер, дәрігерлер мен басқа да мамандардың тығыз ынтымақтастығын талап етеді.

Осы тізбекте Ядролық физика институтының (ЯФИ) орны ерекше. Көпшілік үшін мұндай мекеме ең алдымен іргелі ғылыммен және күрделі физикалық қондырғылармен байланысты. Алайда ЯФИ мамандарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелері нақты практикалық қолданысқа ие. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында да маңызды бағыттар бар. Арнайы қондырғылардың көмегімен кейін радиофармацевтикалық препараттар жасау үшін пайдаланылатын радиоактивті изотоптарды алуға болады.

Заманауи технологиялар радиоактивті заттармен қатаң бақыланатын жағдайларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Препаратты өндіруден бастап оны пациентке қолдануға дейінгі әр кезеңде оның сапасы мен радиациялық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қатаң сақталады. Ал пациент үшін мұндай зерттеу көбіне қарапайым процедура ретінде өтеді: препараттың аз мөлшері енгізіледі, оның ағзада таралуы үшін белгілі бір уақыт күтіледі, содан кейін арнайы аппараттың көмегімен зерттеу жүргізіледі.

Бұл ретте «радиоактивті» деген сөздің өзі автоматты түрде «қауіпті» дегенді білдірмейтінін түсіну маңызды. Қауіп деңгейі сәулеленудің түріне, оның мөлшеріне, әсер ету ұзақтығына және қолданылу жағдайларына байланысты. Медицинада бұл параметрлерді мамандар алдын ала есептейді. Ал сәулелену көздерін пайдалану қажетті диагностикалық немесе емдік нәтижеге ең аз әрі негізделген, қатаң бақыланатын әсер ету арқылы қол жеткізу қағидатына негізделеді.

Бүгінде ядролық медицина барған сайын жоғары дәлдікке және жекелендірілген емдеу тәсілдеріне бет алып келеді. Әсіресе бір технологияны алдымен ауру ошағын анықтау, содан кейін сол ошаққа бағытталған ем жүргізу үшін пайдалану мүмкіндігі ерекше маңызды. Осылайша «анықтау және емдеу» қағидатына негізделген тәсіл қалыптасып келеді. Яғни диагностиканың нәтижелері дәрігерге әрі қарайғы емдеу тактикасын неғұрлым дәл таңдауға мүмкіндік береді.

Мұның бәрінің негізінде ғылыми білімнің нақты медициналық көмекке айналуы жатыр. Бөлшектер үдеткіштері, ядролық реакторлар, изотоптар мен ядролық технологиялар күнделікті өмірден алыс дүниелер сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Ядролық физика институтының зертханасынан медициналық кабинетке дейінгі жол бұған мүлде керісінше екенін көрсетеді.

Кейде іргелі физика, химия және биология салаларындағы озық жетістіктер препарат құйылған шағын ғана құтының бойына тоғысып, дәрігерге ауруды дәлірек анықтауға, емдеу тәсілін дұрыс таңдауға және пациенттің сауығу мүмкіндігін арттыруға көмектесетін маңызды медициналық құралға айналады.
Андрей Гурин — Ядролық физика институтының Радиохимия және изотоптар өндірісі ғылыми-техникалық орталығы бастығының орынбасары.