Адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығына айналды – Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі ұлттық білім беру жүйесін дамытудың жаңа кезеңін айқындап, алғаш рет білім алушылардың негізгі құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құқықтық деңгейінде бекітті.
Жаңа Ата Заң өскелең ұрпаққа қамқорлық жасауды мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындап, оны тікелей әрі мызғымас конституциялық кепілдіктермен бекітеді. Конституцияның Кіріспесінде адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновациялар елдің стратегиялық басым бағыттары ретінде белгіленген.
Сонымен қатар Конституцияның 33-бабына сәйкес азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында орта білімді тегін алу құқығына кепілдік беріледі.
Конституциядағы маңызды жаңашылдықтардың бірі білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған баптың 4-тармағына сәйкес мемлекет білім беру ұйымдарының меншік нысанына қарамастан, олардың қызметіне қойылатын жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Бұл мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында оқитын барлық балалар үшін тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа конституциялық нормалардың өскелең ұрпаққа түсінікті әрі қолжетімді болуы мақсатында Оқу-ағарту министрлігі құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруда. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер енгізіледі. 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» пәнін оқиды, ал 8–11-сыныптар үшін «Заң мен тәртіп» курсы енгізіледі. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылып, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Конституция әлеміне саяхат» атты иллюстрациялық оқу құралы әзірленді.