Қосшыда коммуналдық және жол инфрақұрылымы ауқымды түрде жаңғыртылуда

WhatsApp Image 2026-05-26 at 16.44.38

Қосшы қаласы халық санының өсу қарқыны бойынша Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі мәртебесін сақтап отыр. Қаладағы урбанистикалық даму бағыттары, газдандыру, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін ауқымды жаңғырту жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев мәлімдеді.

Қаланың коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі дамыту бағытын айқындайтын басты құжат – орта мерзімді кезеңге арналған Бас жоспар бекітілді. Аталған жоспар аясында биыл коммуналдық қызметтер газдандыру жұмыстарының бірінші кезеңін толық аяқтап, жоғары және орта қысымды магистральдық желілерді жүргізді. Төмен қысымды тарату желілерінің басым бөлігі салынды. Биылғы күзге дейін келесі іске қосу кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар табиғи газ Тайтөбе ауылына да тартылуда. Қазіргі таңда онда газ құбырының алғашқы шақырымдары төселген.

Сонымен қатар қала билігі тұрақты электрмен жабдықтау мәселесін кезең-кезеңімен шешуде. «Лесная поляна» тұрғын алабы толықтай тұрақты электр желілеріне қосылды. Ішкі кварталдық желілер қызмет көрсетуші энергетикалық компанияның балансына жоспарлы түрде берілуде. Жылу энергиясының тапшылығын жою және орталық қазандыққа түсетін жүктемені азайту мақсатында биыл жылу орталығында қазандықты ауыстыру жұмыстары басталады. Бұл жаңа шағын аудандар үшін сенімді резервтік қуат қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен ауыз су сапасын жақсартуға арнайы қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта осы қаражат есебінен жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды тазарту, жаңа су көздерін бұрғылау және резервуарларды жуу жұмыстары жүргізілуде.

– Тұрақты жылу, жарық және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Қосшы секілді қарқынды дамып келе жатқан қала үшін тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы негізгі шарттардың бірі. Орталық қазандықты жаңғыртып, оның қуатын кезең-кезеңімен арттыру қазіргі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы жылдары бүкіл жылу жүйесін кешенді жаңғыртуға берік негіз қалайды. Сонымен қатар тұрғын үй секторы мен әлеуметтік нысандарды толық газдандыру жұмыстары атқарушы биліктің тұрақты бақылауында, – деді Азамат Қапышев.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жол-көлік желісін де қамтып отыр. Қосшыда ішкі қалалық жол құрылысының үшінші кезеңі белсенді жалғасуда. Жоба аясында Тоныкөк, Арқалық, Күлтегін және Махмұд Қашғари көшелерінде жаңа магистральдық жолдар салынуда. Қазіргі уақытта бірнеше учаскеде асфальт төселіп, алдағы уақытта тағы 15 көшеде жол құрылысын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар қаланың негізгі көлік артерияларының бірі – Республика көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жоба аясында жол жабыны толық ауыстырылып, бордюрлер жаңартылады, жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, көше жарықтандыру жүйесі жаңғыртылады.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі