«Таза Қазақстан» платформасы: Ақмолалықтардан 250-ден астам өтінім түсті

WhatsApp Image 2025-08-22 at 09.58.32

Ақмола облысының тұрғындары экологиялық заңбұзушылықтар мен рұқсатсыз қоқыс үйінділері туралы ақпаратты «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған Telegram-бот арқылы белсенді түрде жеткізіп келеді. Платформа іске қосылғалы бері 250-ден астам өтінім қабылданған. Әрбір өтінім назардан тыс қалмай, дер кезінде қарастырылуда.
«Таза Қазақстан» онлайн-платформасы өңір тұрғындары үшін өзекті мәселелерді жеткізудің қолайлы құралына айналды. Көпшілік негізінен аумақтарды тазалау, жолдарды жөндеу, жарықтандыру және рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жоюға қатысты өтінімдер жіберуде.
Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының маманы Әлем Дәулетбаева атап өткендей, Ақмола облысы бойынша барлығы 253 өтінім тіркелген. «Негізінен қоқыс шығару, көшелерді тазалау және жолдарды жөндеуге қатысты болды. Портал тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Egov жүйесіне біріктірілген. Өтінім беру оңай: сайтқа немесе чат-ботқа кіріп, сурет жүктеп, локацияны белгілеу жеткілікті. Барлық өтінімдер өңделген соң тиісті органдарға жолданады», – деді ол.
Онлайн-платформа арқылы келіп түскен өтінімдерді iKomek-109 қызметінің операторлары қабылдап, өңдейді. Бұл жүйе әсіресе Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Аршалы, Целиноград және Есіл аудандарында, сондай-ақ Қосшы, Көкшетау мен Степногорск қалаларында кеңінен қолданылады.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің міндетін уақытша атқарушы Сәкен Назыров: «Көптеген өтінімдер ірі көлемдегі қоқысты шығару, жолдарды жөндеуден кейінгі қалдықтарды жоюға қатысты түседі. Барлығы дер кезінде реттеледі. Жыл басынан бері тек Көкшетау аумағынан 24 мың текше метр қоқыс шығарылды, көгалдандыру аясында 5 мыңнан астам көшет отырғызылды», – деп мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, «Таза Қазақстан» порталындағы басты ерекшелік – әр өтінім бойынша ашық әрі жедел кері байланыс орнату. Бұл тұрғындар үшін қолайсыздықты дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, акция аясында өткізілетін қоғамдық сенбіліктерге тек Көкшетау қаласының өзінде 10 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл – ақмолалықтардың туған жердің тазалығына бей-жай қарамай, экологиялық мәдениетті арттыруға белсенді үлес қосып отырғанының айғағы.

Дереккөз: Ақмола облысының ІСБ

kkҚазақ тілі