Астрахан ауданында сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
Астрахан ауданының бюджетінің кіріс бөлігі жыл қорытындысы бойынша болжамды көрсеткіштерден асыра орындалды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Талғат Ерсейітов шағын және орта бизнестің дамуы, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының жүзеге асырылуы және ірі өндірістік жобалар туралы баяндады.
Өңірдің экономикалық тұрақтылығы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы қамтамасыз етілуде. Бүгінде ауданда мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасының тетіктері тиімді қолданылып, мал шаруашылығы, агробизнес және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға несиелеу өтінімдері мақұлданған.
– Қолайлы бизнес ахуалын қалыптастыру және ірі инвесторларды тарту – біздің басты экономикалық басымдығымыз. «Aina Resources» ЖШС Ақбейт кен орнында бағалы металдарды өндіруге арналған байыту-өндірістік кешенді іске қосуда. Жоба аясында ондаған тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, «Aitas Breeders Aqkol» ЖШС ірі құс шаруашылығы асыл тұқымды репродукторын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ауданға жүздеген жаңа жұмыс орнын береді. Сондай-ақ Жалтыр ауылында «Frescanto» ЖШС диірмен кешенін іске қосу көзделуде, – деді Талғат Ерсейітов.
Қазіргі уақытта ауданда сегіз ірі инвестициялық жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 650-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, салық түсімдері артып, өңір экономикасының құрылымы әртараптандырылмақ.
Алдағы уақытта аудан билігі жол және су құбыры желілерін дамыту, ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылады.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі