Берік Асылов, Бас прокурор: Бұл құжат жаңа дәуірдің іргетасына айналады
Бүгінде еліміз аса маңызды тарихи уақиға – жаңа Конституцияны қабылдаудың қарсаңында тұр. Осы орайда басты құқықтық құжатымыз Ата Заң жобасының негізгі ережелері мен жаңашыл нормалары жөнінде Бас прокурор Берік Асыловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Берік Ноғайұлы, жаңа Конституция жобасының Кіріспе бөлімінде Заң мен Тәртіп қағидаты ерекше аталады. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Өткен жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған конституциялық реформа 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемлекетті кешенді жаңғыртудың заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Биыл 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум азаматтардың ерік-жігеріне ең жоғары заңдық күш бере отырып, Негізгі заң жобасы мақұлданған жағдайда ел тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашады әрі Конституцияның халықтық сипатын айқындай түседі.
Осы сұхбатқа дайындалу барысында бірқатар мемлекеттің конституцияларын зерделедім. Олардың кіріспе бөлімдерінде елдің идеологиялық негізін айқындайтын, саяси келбетін сипаттайтын, тарихи даму жолы мен мемлекеттік құрылымының ұлттық түп-тамырын көрсететін, қазіргі және болашақтағы басты қағидаттарын белгілейтін түйінді факторлар ерекше аталып өтеді. Демек, Кіріспе бөлім – Конституцияның айнасы әрі оның идеологиялық бастауы, жалпыұлттық ой-тұжырымның қайнар көзі. Конституцияның барлық қағидаттары, нормалары мен ережелері өз бастауын Кіріспе бөлімінен алады.
Ал біздің Конституциямыздың жобасына келсек, онда еліміздің құндылық бағдарлары мен саяси-құқықтық дамуының ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағыттары нақты айқындалған. Жобада Заң мен тәртіп қағидаты еліміздің әрі қарай дамуының, азаматтарымыз бен қоғамымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастырудың іргетасы ретінде бекітілген.
Бұған дейінгі сұхбаттарымда Заң мен тәртіп қағидаты дегеніміз не, оның мәні мен мазмұны қандай деген мәселелерге тоқталған едім. Тағы да айта кетейін, бұл – мәдени, адамгершілік, этикалық, отбасылық, рухани идеалдардың, конституциялық кепілдіктер мен басқа да құндылықтардың мызғымастығы. Заң мен тәртіп – тек құқықтық ұғымдар емес, қоғамымыздың тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен өркендеуін айқындайтын өмірлік бағдарлар.
Бұл қағидатты конституциялық деңгейде бекіту не береді деген сұраққа келсек, Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, халықтың әл-ауқатын арттыру және өзге де аса маңызды мәселелермен қатар Заң мен тәртіп идеологемасы мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының біріне айналады. Яғни мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының кез келген шешімі мен іс-әрекеті осы қағидамен сусындалуы керек. Демек, осы қағиданың ажырамас бөлігі ретінде құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» ұстанымы құқықтық үстем дәрежеге ие болмақ.
– Конституция жобасы жаңалықтарының бірі – заң шығару билігін жүзеге асыратын жаңа өкілетті органның құрылымы мен оны қалыптастыру тәртібінің өзгеруі. Бұл жөнінде не ойлайсыз?
– Құрылтайдың тарихи тамыры өте тереңде жатыр. Бұл терминнің шығу тегі мен «Құрылтай» сөзінің этимологиялық мәніне тиісті сала мамандары лайықты баға береді деп ойлаймын. Мен құқықтық тұрғыдан, дала заңдары – әдет-ғұрып және дәстүрлі ережелерге қысқаша тоқталғым келеді.
Тарихта Құрылтай жоғары өкілетті орган қызметін атқарған, халық билігін білдірген, рулар мен тайпалардың мүддесін орындай отырып, билеушіні сайлау, соғыс және бітімгершілік мәселелері, жайылымдарды бөлу, көшіп-қону шекарасын айқындау, әдет-ғұрыпқа айналып кеткен ел арасындағы қатынастарды заңдастырған, сондай-ақ дала заңдары – ережелерді бекіту сияқты көшпелі халық өмірі үшін маңызды мәселелерді шешумен айналысқан. Құрылтайда қазақтың дәстүрлі құқығының негізін қалаған ұлы дала заңдары, соның ішінде «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті Жарғы» бекітілген. Бұл – тарихи дерек.
Бұл туралы ұлттық құқықтану ғылымының патриархы, академик Салық Зимановтың «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық еңбегінде кеңінен баяндалған. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі құқығының тарихын зерттеген белгілі ғалым-заңгерлер – Тайыр Күлтелеев, Савелий Фукс, Айдарат Таукелев, Александр Леонтьев, басқа да зерттеушілер өкілетті жиналыстың дала заңнамасын қалыптастырудағы рөлін атап өткен. Бұл – Ұлы дала мен оны мекендеген халықтың құқықтық мәдениеті мен дәстүрінің, тұрмыс-салтының тарихи-құқықтық тамыры екенін білдіретін баға жетпес мұрасы.
Қазіргі конституциялық реформа аясында еліміздің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайды құруы Ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан халық өкілеттігін жаңғырту. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның Ұлы далада бұрын болған мемлекеттік құрылымдармен тарихи сабақтастығын білдіреді.
– Бас құжат жобасындағы адам мен азамат құқықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталған қандай жаңа нормаларды атап өтер едіңіз?
– Өте маңызды сұрақ. Ең алдымен айтарым, Конституция – бұл азаматтар, қоғам және мемлекет арасындағы келісім. Сондықтан Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен міндеттерінің жүйесі айқындалып, жеке тұлға, қоғам және мемлекет арасындағы өзара ықпалдасу аумағы нақты белгіленеді.
Қолданыстағы Конституцияда да, жаңа жобада да кепілдіктер топтамасы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, азаматтық және саяси құқықтар, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілерге және өзге де халықаралық конвенциялық актілерге толық сәйкес келеді. Жалпы, адам өмірін, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен кепілдік берудің басымдығын бекітетін негізгі қағидаттар жоба аясында сақталып қана қоймай, күшейтіледі. Әрине, әрбір конституциялық құқық жеке-дара терең талқылауды қажет етеді. Өйткені шағын көлемді нормада тұтас құқықтық жүйе қамтылуы мүмкін. Сондықтан адам құқықтарын қорғауды күшейтуге тікелей әсер ететін бірқатар маңызды жаңа нормаларға тоқталайын.
Мәселен, Конституция жобасына сәйкес әрбір адам ұсталған сәттен бастап оның бостандығын шектеу негіздері мен құқықтары түсіндіріледі. Алғаш қарағанда бұл қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның мәні – егжей-тегжейінде. Бұл ереже бірқатар саланы қамтиды. Адамды қылмыстық немесе әкімшілік сот өндірісінде, көші-қон, кеден заңнамасын, мемлекеттік шекараны бұзғанда, жеке басын анықтау үшін және басқа да жағдайларда ұстауы мүмкін. Осындай кездерде адамға не үшін ұсталғаны, қандай құқықтары бар екені, мысалы, өзін әшкерелейтін түсінік беруден бас тарту, адвокат көмегін пайдалану және басқа құқығы бар екені түсіндіріледі. Егер ұсталған кезде адамға оның құқықтарын түсіндірмеген болса, кейін ол әрекеттер заңсыз деп танылуы мүмкін.
Келесі мәселе, кінәсіздік презумпциясы жаңа конституциялық мазмұнға ие болады. Қазіргі Конституцияда бұл қағидат Сот билігі туралы бөлімде тұр, ал ендігі жоба бойынша ол Негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы бөлімге енгізілген. Осылайша, кінәсіздік презумпциясы баршаға ортақ талапқа айналып, адамды қылмыс жасады деп негізсіз айыптау қаупін болдырмайды.
Конституция жобасы «заңның кері күші» қағидатына қатысты ұстанымды түбегейлі өзгертеді. Қолданыстағы Конституцияда да бұл қағидат негізінен әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты еді. Ал енді оның конституциялық шеңбері кеңейтіліп отыр. Аталған норманың құрылымы нақты және түсінікті етіп жазылған. Біріншіден, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Екіншіден, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды. Үшіншіден, жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады. Осылайша, аталған қағидаттың қолданылу аясы кеңейіп, кез келген жаңа міндеттерге қолданылады. Сонымен қатар адам қандай да бір шешім қабылдаған кезде кейін бекітілген заңмен оның құқықтық жағдайы өзгермейтініне сенімді бола алады.
Назар аударуға тұрарлық тағы бір маңызды жаңашылдық – жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұқпаушылықпен қатар, Негізгі заң жобасында дербес деректерді заңсыз әрекеттерден, оның ішінде цифрлық кеңістікте қорғау конституциялық деңгейде бекітеді. Осындай кепілдік банктік операциялар, жеке салымдар мен жинақтар, хат алмасу, телефон және өзге де хабарламалар құпиясына да беріледі.
– Конституция жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сот кінәлі деп таныған азаматтар сайлану құқығынан айырылады. Негізгі заңның бұл ережесі қандай салдарға әкеліп соғуы мүмкін?
– Конституция – қатардағы заң емес, бұл қоғам мен мемлекеттің адамгершілік, моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастыратын басты құқықтық құжат. Жобаға енгізілген бұл норма кез келген деңгейдегі өкілетті органдарға, яғни Құрылтайға, жергілікті жерлерде – мәслихаттарға, сондай-ақ Президент лауазымына сайланғысы келетін азаматтарға қолданылады.
Аталған шектеу Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айыру мүмкіндігі көзделген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ережелерімен де үйлеседі.
Бұл конституциялық тыйым қоғамға мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын айқын білдіретін белгі болмақ. Өз кезегінде азаматтардың билік институттарына деген сенімін нығайтады.
– Онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қорлайтын және балағат сөздерді қолданатын жағдайларына қатысты құқықтық ықпал ету тетіктері бар ма?
– Бұл өзекті мәселе бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Маған кейде кейбір адамдар виртуалды әлемнің өздеріне ғана арналған тар кеңістік емес екенін, олардың сөздері басқа пайдаланушылардың жанын жаралап, намысы мен қадір қасиетіне тиетінін түсінбейтіндей көрінеді. Ашығын айтсам, егер адамның мәдениеті құндылық тұрғысынан төмен болса, онда заң мен тәртіп басқаларды оның құқыққа қарсы әрекеттерінен қорғауы тиіс. Әлеуметтік желілерге еркін қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланған адам өз іс-әрекетіне жауапты екенін, қорлау, әдепсіздік немесе қоғамға қарсы мінез-құлық заңсыздық екенін түсінуі қажет.
Заңнамада мұндай пайдаланушыларға ықпал ететін құралдар жеткілікті. Мұндай тетіктер мен жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте, Қылмыстық кодексте, сондай-ақ масс-медиа туралы, ақпараттандыру, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, мәдениет туралы және өзге де заңдарда қарастырылған.
Қоғамдық орында балағат сөздерді қолдану, басқаларды қорлайтын әрекеттер жасау, қоршаған ортаны құрметтемеу сияқты кез келген басқа мінез-құлық, яғни қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекет әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызылады.
Ашық интернет кеңістігінде қорлау, балағаттау мәніндегі сөздерді қолдану – қоғамдық тәртіпті бұзудың және басқаларды құрметтемеудің айқын көрінісі. Жылына мұндай әрекеттер үшін бірнеше мың азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Жарияланған материалдардың мазмұнына байланысты, мысалы, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру, сондай-ақ билік өкілін қызметтік міндетін орындау кезінде ашық түрде қорлау сияқты құқық бұзушылықтар үшін қамауға алу немесе бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылуы да мүмкін.
Біздің міндетіміз – заңды бұзған адамды жазалау ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңның бұзылуына жол бермеу, құқықтық мәдениетті көтеру және тәрбиелік жұмысқа баса назар аудару. Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жасаймыз.
Қазіргі таңда азаматтарды заңнаманы сақтауға, цифрлық ортада қоғамдық мораль мен өзара құрмет нормаларын ұстануға, балағат сөздер, қорқыту, қадір-қасиетті қорлайтын немесе өзге құқыққа қарсы материалдар жарияламауға шақырамын. Менің ойымша, Конституция жобасында сөз бостандығы және ақпаратты тарату бостандығы басқа адамдардың қадір-қасиетіне, қоғамның моральдық нормаларына немесе қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуі керек деген норманы енгізудің негізгі алғышарттары интернетте таралатын осындай қоғамға жат құбылыстарға байланысты болып отыр.
Жаңа конституциялық формула құқықтар мен бостандықтар теңгерімінің әмбебап қағидатын бекітеді. Сөз бостандығы ашықтықты, қоғамдық диалогті және құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Бұл ұстаным Еуропалық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау конвенциясының нормаларына сәйкес келеді. Конвенцияға сәйкес пікір білдіру бостандығын жүзеге асыру заңмен қарастырылған шектеулерге бағынуы мүмкін және демократиялық қоғамда басқа адамдардың беделі мен құқықтарын қорғау, денсаулық пен моральді сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін. Әңгіме сөз бостандығы мен оны теріс пайдаланудың аражігін ажырату жайында болып отыр. Пікір білдіру бостандығы мен басқа адамдардың құқықтарын бұзғаны үшін жауаптылық – құқықтық мемлекеттегі бір-бірін толықтыратын
элементтер.
Ежелгі ойшылдардың «болашақты болжай білетін көшбасшы – дана басшы» деген қанатты сөзі бар. Президент жаңа Конституция қабылдауға байланысты референдум өткізілетінін жариялады. Оның жобасы заманауи сын-қатерлерге бейімделген. Сонымен қатар онда адамның және азаматтың барлық негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері айқын әрі нақты көрсетілген.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция экономикалық, саяси, әлеуметтік және өзге де салаларды әрі қарай дамыту, билік органдарының халықпен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, құқықтық жүйенің сапасын арттыру үшін қажет. Жаңа Конституцияны қабылдау басты бағдары адамның әл-ауқаты, болашаққа деген сенімі және бүгінгі күні лайықты өмір сүруі болып саналатын қарқынды өзгерістерді жалғастыруға қуатты серпін беретініне
сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Орынбек ӨТЕМҰРАТ, «Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: egemen.kz
Фото Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының баспасөз қызметі ұсынған.