Үндістанда дуатлоннан өткен халықаралық жарыста әскер спортшылары қола жүлдеге ие болды

WhatsApp Image 2026-02-27 at 14.49.53

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының командасы Үндістанда өткен халықаралық әскери-спорттық ойындарда (International Military Adventure Challenge Cup) сәтті өнер көрсетті.

Бұл сайысқа Үндістан, Қазақстан, Шри-Ланка, Бразилия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Бутан және Непал елдерінен келген 12 команда құрамында 150-ден астам спортшы қатысты.

Жарыс ережесіне сай D (дуатлон) бағдарламасына қатысушылар бір күн ішінде 9 сағаттық белгіленген уақыт шегінде 80 шақырымнан астам қашықтықты бағындыруы тиіс болды.

Қазақстандық спортшылар таулы жердегі 21 шақырымдық жүгіру мен таулы трассадағы 59,5 шақырымдық веложарыстан тұратын сайыстың барлық кезеңдерінен сүрінбей өтті. Олар барлық кедергілерді сәтті еңсеріп, 6 сағат 46 минут 25 секунд көрсеткішімен D (дуатлон) бағдарламасында жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.

Команда жетекшісі полковник Еркебұлан Түсіпханов еліміздің мұндай форматтағы жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын атап өтті.

– Команда бар күш-қуатын сарқа жұмсады. Таулы трасса айтарлықтай қиындық туғызды. Спортшылардың арасында жеңіл жарақат алғандар да болды. Соған қарамастан, біздің жігіттер бар күш-жігерін жинап, жауынгерлік мінез танытып, тұғырдың үшінші сатысына көтерілді, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша D (дуатлон) санатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Үндістан Әскери-әуе күштерінің командасы, екінші орынды Бутан құрамасы, үшінші орынды Қазақстан командасы иеленді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі