СЕМЕЙ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫ: ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ЖАҢА ДӘУІРІ
2026 жылы Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірі өз жұмысын тоқтатты. Бұл шешім еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыс үшін де тарихи маңызға ие болды. Алайда полигонды жабу сынақтардың қырық жылға жуық уақыттағы зардаптарын жоюға қарағанда әлдеқайда оңай болды. Ұлан-ғайыр аумақта сынақ объектілері, штольнялар мен ұңғымалар, радиоактивті ластанған учаскелер қалды, ең бастысы – бұл аумақта не болып жатқаны және оның қаншалықты қауіпсіз екені туралы тұтас түсінік іс жүзінде болмады.
Осы жылдар бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бұрынғы полигонды зерттеу және оны қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша негізгі жұмыстарды жүргізіп келеді. 35 жыл ішінде не атқарылды, бүгінгі таңда ССП аумағы қаншалықты зерттелді, қай жерлер әлі де ерекше режимді қажет етеді және полигон тарихына біржолата нүкте қоюға бола ма – бұл туралы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Айдарханов Асан Оралханұлымен сұхбатымызда сөз болады.
— Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл өтті. 1990 жылдардың басында оның аумағы қандай жағдайда болды?
— Ең алдымен, ауқымын түсіну қажет. Семей сынақ полигонының аумағы шамамен 18,3 мың шаршы километрді құрайды. Бұл аумақта ондаған жылдар бойы жер үсті, әуе және жерасты ядролық сынақтарын жүргізуге арналған аса күрделі инфрақұрылым қалыптастырылды.
Полигон жабылғаннан кейін мұнда штольнялар, сынақ ұңғымалары, техникалық құрылыстар, радиоактивті түсімдердің іздері және жекелеген жергілікті ластану учаскелері қалды. Сонымен қатар бүкіл аумақтың радиациялық жағдайы туралы толық көрініс болған жоқ.
Сондықтан полигонды жабу – алғашқы әрі аса маңызды қадам ғана болды. Ластану нақты қай жерде шоғырланғанын, радионуклидтердің табиғи ортада қалай әрекет ететінін, олардың таралу жолдары бар-жоғын және қай аумақтарға кіруді шектеу мен арнайы қауіпсіздік шаралары қажет екенін анықтау керек болды.
— Яғни полигон жабылғаннан кейін бүкіл аумақты жай ғана қоршап қойып, мәселе шешілді деп есептеуге болмайтын болды ма?
= Жоқ. Оның үстіне кейінгі зерттеулер ССП-ның бүкіл аумағын бірдей қауіпті деп қарастыру дұрыс болмайтынын көрсетті.
Мұндағы радиациялық жағдай өте әркелкі. Сынақ жүргізу үшін тікелей пайдаланылмаған едәуір кең аумақтар бар. Негізгі ластану нақты сынақ алаңдарымен, радиоактивті түсімдердің іздерімен және жекелеген жергілікті учаскелермен байланысты.
Сондықтан бұрынғы полигонның бүкіл аумағына формалды түрде қарамай, әрбір учаскені егжей-тегжейлі ғылыми зерттеу қажет болды.
— Ұлттық ядролық орталықтың жұмысы неден басталды?
— Алғашқы кезектегі міндеттердің бірі ядролық сынақтарды жүргізуге тікелей байланысты нысандарды қауіпсіз жағдайға келтіру болды.
Дегелең тау массивінде жерасты ядролық жарылыстары жүргізілген штольнялар, ал «Балапан» алаңында сынақ ұңғымалары орналасқан. Оларды одан әрі пайдалануға және рұқсатсыз кіруге жол бермеу қажет болды.
Көптеген жылдар бойы штольнялар мен ұңғымаларды жою және консервациялау жұмыстары жүргізілді, аса маңызды нысандардың физикалық қорғалу деңгейі күшейтілді. Бұл жұмыс радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, ядролық қаруды таратпау тұрғысынан да үлкен маңызға ие болды.
— Бүгінде бұрынғы полигон аумағы қаншалықты зерттелген?
— Осы жылдар ішінде орасан зор көлемде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мамандар топырақты, жерүсті және жерасты суларын, атмосфералық тасымалды, өсімдіктер дүниесін және жануарлар әлемін зерттеді. Жүздеген мың өлшеу жасалды.
Бүгінде Ұлттық ядролық орталықтың радиоэкологиялық базасында қоршаған орта объектілерінің 150 мыңнан астам сынамасы туралы мәлімет бар. Әрбір сынама бойынша далалық және зертханалық зерттеулердің нәтижелері, соның ішінде сынама алынған координаттар, радиометриялық параметрлер және радионуклидтік құрамы тіркеледі.
Сонымен қатар мыңнан астам тақырыптық қабатты және 100 мыңнан астам объект туралы мәліметті қамтитын мамандандырылған геоақпараттық жүйе құрылды.
Іс жүзінде ондаған жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде бұрынғы полигон аумағының толыққанды радиациялық картасы қалыптастырылды.
— Ғалымдар үшін қандай радионуклидтер негізгі қызығушылық тудырады?
— Техногенді радионуклидтердің бірқатар түрінің – цезий-137, стронций-90, америций-241, тритий, плутоний изотоптарының қозғалысы зерттеледі.
Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, плутоний салыстырмалы түрде аз қозғалмалы және топырақта ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Цезий биологиялық процестерге қосыла алады, ал стронций кальцийге ұқсастығына байланысты сүйек тінінде жинақталуы мүмкін.
Тритий ластанудың жерасты суларымен жылыстауын зерттеу кезіндегі маңыздылығы ерекше.
Сондықтан қандай да бір радионуклидтің шоғырлануын ғана емес, оның қаншалықты қозғалмалы екенін, сумен немесе шаңмен тасымалдана алатынын, өсімдіктерге түсіп, одан әрі қоректік тізбектерге ене алатынын түсіну маңызды.
— Радиоактивті заттектердің адамға азық-түлік арқылы түсу мүмкіндігі зерттелді ме?
— Иә. Бұл зерттеулердің жеке әрі маңызды бағыты болды.
Эксперименттік фермерлік шаруашылықта радионуклидтердің топырақ пен судан мал азықтық өсімдіктерге, одан кейін ауыл шаруашылығы жануарларының ағзасына және мал шаруашылығы өнімдеріне – етке, сүтке, жұмыртқаға өтуі зерттелді. Өңірімізге тән өсімдік шаруашылығы өнімдері де зерттелді.
Мұндай зерттеулер аумақтың абстрактілі ластану деңгейін емес, жерлерді шаруашылықта пайдаланудың нақты нұсқасы кезіндегі шынайы қатерлерді бағалау үшін қажет.
— Халықты алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – ластанудың полигон аумағынан тыс таралу мүмкіндігі. Мұндай қатер қаншалықты бақыланады?
— Сондықтан радионуклидтердің жылыстау жолдарын зерттеуге үлкен көңіл бөлінеді.
Жерүсті және жерасты сулары, ауа арқылы тасымалдану, эрозиялық процестер зерттеледі. Мысалы, далалық аумақ үшін шаң түзілу факторы маңызды: қатты жел кезінде немесе ластанған топыраққа механикалық әсер еткенде ұсақ бөлшектер ауаға көтерілуі мүмкін.
Жерасты суларының маңызы ерекше, өйткені сынақтардың едәуір бөлігі жер астында жүргізілді. Тритийдің мөлшері және басқа да көрсеткіштер бойынша мамандар сулардың қозғалыс бағытын, олардың жерүсті су объектілерімен байланысын және радионуклидтерді тасымалдау мүмкіндігін зерттейді.
Осы процестердің барлығы тұрақты ғылыми тұрғыдан бақылануда.
— Бүгінде полигон аумағының қай бөлігі радиоактивті ластанған деп есептеледі?
— Кешенді экологиялық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша шамамен 8 400 шаршы километр аумақ ерекше режимді, бақылауды және оңалту шараларын жүргізуді қажет ететін радиоактивті ластанған жерлер санатына жатқызылды.
Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері кейіннен Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастырудың ғылыми негізіне айналды.
Бұл ретте кері жағдайды да түсіну маңызды: осы аймақтан тыс жерлер автоматты түрде кез келген қызметке жарамды деп жарияланбайды. Әрбір нақты учаске оның радиациялық жағдайын және оны қандай мақсатта пайдалану жоспарланып отырғанын ескере отырып жеке бағалануы.
— Семей ядролық қауіпсіздік аймағының құрылуы нені түбегейлі өзгертті?
— Бұл – көпжылдық жұмыстың заңды жалғасы болды.
2023 жылғы 5 шілдеде Қазақстан Республикасының «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңына қол қойылды. Ол аймақтың жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, оңалту шараларын жүргізу тәртібін, радиациялық мониторингке қойылатын талаптарды және халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін айқындады.
Яғни ондаған жылдар бойы жинақталған ғылыми деректер нақты құқықтық қолданысқа ие болды. Енді жерлердің режимі зерттеу нәтижелерін, ластану деңгейі мен сипатын, табиғи жағдайларды және аумақты жоспарлы пайдалануды ескере отырып айқындалады.
— 35 жылдан кейін сынақтардың негізгі зардаптары жойылды деп айтуға бола ма?
— Мәселе толық шешілді деп айту дұрыс болмас еді. 35 жыл ішінде өте көп жұмыс атқарылды: бұрынғы сынақ инфрақұрылымы жойылды, орасан зор аумақ зерттелді, бірегей радиоэкологиялық деректер базасы қалыптастырылды, ең ластанған жерлер анықталды, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылды.
Бірақ радиоактивті ластану күнтізбеге сәйкес жоғалмайды. Жекелеген аумақтарда одан әрі оңалту, кіруді шектеу және тұрақты радиациялық бақылау қажет.
Сондықтан бүгінгі міндетіміз – полигонда өткен уақытта не болғанын білу ғана емес, бұл аумақтың қазір қалай өзгеріп жатқанын түсіну және оның қауіпсіздігін алдағы онжылдықтар бойы қамтамасыз ету.
— Қазақстан жұмыстың едәуір бөлігін шетелдік әріптестермен бірлесіп жүргізді. Халықаралық ынтымақтастық қандай рөл атқарды?
— Сынақтар тоқтатылғаннан кейін бұрынғы полигон аумағындағы бірқатар ірі жобалар шетелдік ғылыми және техникалық ұйымдармен бірлесіп орындалды және бүгінгі таңда да жүзеге асырылып келеді.
Олар сынақ инфрақұрылымын жоюға, объектілердің физикалық қорғалуын күшейтуге және бұрынғы қызметтен қалған материалдарға байланысты қатерлерді азайтуға бағытталды.
Бұл жұмыс Қазақстанның ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының маңызды бөлігі болып табылады. Семей полигонының тәжірибесі осы тұрғыдан бірегей: ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан ел ядролық және радиациялық қатерлерді азайту бойынша жүйелі жұмысты іс жүзінде көрсетті.
— Бүгінде аумақты бақылау үшін дәстүрлі экспедициялармен қатар басқа да әдістер қолданылады. Мониторинг технологиялары қалай өзгерді?
— Аумағы 18 мың шаршы километрден асатын жерде тек жерүсті зерттеулеріне сүйену мүмкін емес.
Бүгінде олар жерсеріктік бақылаулармен, геоақпараттық технологиялармен және автоматтандырылған бақылау жүйелерімен толықтырылады. Жерсерік деректері өсімдік жамылғысының өзгерістерін, эрозиялық процестерді, жаңа жолдардың пайда болуын, шаруашылық қызметтің іздерін, жекелеген техногендік объектілердің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.
Әрине, қашықтан бақылау әдістері сынама алу мен зертханалық талдауды алмастырмайды. Бірақ жинақталған деректер базасымен үйлесімде олар өзгерістерді әлдеқайда жылдам анықтауға және қосымша зерттеу жүргізу қажет учаскелерді белгілеуге мүмкіндік береді.
— Дегенмен, 35 жылдан кейін Семей полигонының жабылуы сіз үшін бүгін нені білдіреді??
— 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан сынақтарды тоқтатты. Бірақ кейінгі 35 жыл полигонды жабу туралы тарихи шешімнің тек бір күнмен шектелмейтінін көрсетті.
Одан кейін ондаған жылдарға созылған күрделі ғылыми және инженерлік жұмыс жүргізілді: сынақ инфрақұрылымын жою, нысандардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радиациялық жағдайды зерттеу, қоршаған орта мониторингі, ластанған аумақтарды оңалту.
Бүгінде біз ядролық сынақтардың мұрасымен жұмыс істеуден осы аумақты ғылыми негізделген және ұзақ мерзімді басқаруға көшу туралы айта аламыз.
Семей полигоны Қазақстан тарихының бір бөлігі болып қала береді. Біздің міндетіміз – оның мұрасы адамдар мен қоршаған орта үшін ешқашан бақылаусыз қатер көзіне айналмауы үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыру.
Спикер: Айдарханов Асан Оралханұлы, Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры