Щучье мен Бурабайдағы коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылуда
Бурабай ауданында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау, су бұру, жылумен қамту және көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңарту бойынша бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бурабай ауданының әкімі Арай Сыдықов мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, жыл соңына дейін Щучье қаласы мен Бурабай кентінде бес ірі инфрақұрылымдық жобаны толық аяқтау жоспарланған. Аталған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, туристік өңірдің инженерлік әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Щучье қаласында магистральдық су құбыры желілерінің құрылысы мен су бұру жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында. Бұл шаралар коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттырып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге және кәріз жүйесінің тиімді жұмысын жолға қоюға бағытталған.
Сонымен қатар Бурабай кентінде абаттандыру және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Сарыбұлақ жол айырығынан Бурабай кентіне дейінгі автомобиль жолын жарықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, кенттің негізгі көшелері саналатын Сейфуллин, Абай және Достық көшелеріндегі жарықтандыру желілері жаңартылуда.
«Коммуналдық шаруашылықтың тұрақты жұмысы – жергілікті тұрғындардың да, өңірге келетін миллиондаған туристің де жайлы өмір сүруі мен қауіпсіздігінің негізі. Биыл біз жолдарды жарықтандыру жобаларын аяқтап қана қоймай, жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып отырмыз», – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, Щучье қаласындағы №1, №3, №12 және №20 қазандықтарға тартылған жылу желілерін қайта жаңарту бойынша жаңа жобалар басталған. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымында жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Коммуналдық желілерді жаңартумен қатар ауданның коммуналдық қызметтері сумен жабдықтау жүйелерін автоматтандыру жұмыстарын да қолға алған. Заманауи басқару жүйелерін енгізу арқылы желілердегі ақаулар мен су шығынын ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ жаз мезгілінде тұтыну көлемі артқан кезде гидравликалық жүктемені тиімді реттеу көзделуде.
Жалпы алғанда, Бурабай ауданында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, инженерлік жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және туристік өңірдің тартымдылығын күшейтуге бағытталған.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі