Сайлауға қатысу қазақстандықтарға өңір, аудан және қала мәселелерін шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді

WhatsApp Image 2026-11-26 at 15.15.45

Сайлау билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады. Мәслихаттар жергілікті бюджеттерді бекітіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын бақылайды. Жаңартылған мәслихаттар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мәселелерді көтеретін білікті депутаттар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сайлаушылардың нақты таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде 11 мыңға жуық кандидат тіркеліп, сайлауға жеті саяси партия қатысуға жіберілді. Азаматтар өзін-өзі ұсыну құқығын да пайдалана алады. Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда сайлаушылар партиялық тізімге де, нақты кандидатқа да дауыс береді.

Сайлауға қатысу мүмкіндігі барынша қолжетімді әрі ыңғайлы. Азаматтар өз сайлау учаскесін онлайн анықтап, байланыс орталықтарынан қажетті ақпарат ала алады. Сайлау материалдарымен мемлекеттік тілде және ымдау тілі арқылы танысуға мүмкіндік бар. Дауыс беру 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Мәслихат сайлауы қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайтып, азаматтарға өз елді мекендерінің мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Ал сайланған депутаттар халық алдында есеп беріп, тұрғындардың өтініштеріне ден қойып, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға тиіс.

Әрбір сайлаушының дауысы алдағы бес жылға өңірдің дамуына ықпал ететін маңызды шешімдердің қабылдануына әсер етеді.