Қазақстан полицейлері Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды
Астана қаласы полиция департаментінің екі қызметкері Абу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан қоржынына екі алтын медаль салды.
Халықаралық додада полиция полковнигі Бағдат Дүйсенов пен полиция майоры Қасым Әнуарбек қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Олар жоғары спорттық шеберлік пен табандылық танытты.
Бағдат Дүйсенов Master 4 санатында 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Шешуші белдесуде қарсыласын ұпай санымен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Ал Қасым Әнуарбек Master 2 санатында 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Айта кетейік, биыл Абу-Дабиде 18-ші рет ұйымдастырылған әлем чемпионатына 130-дан астам елден 10 мыңнан астам спортшы қатысты.
Қазақстан полицейлері халықаралық жарыста көк байрағымызды желбіретіп, ел мерейін үстем етті. Бұл жетістік – әріптестері үшін үлкен мақтаныш әрі жас қызметкерлерге үлгі.
Дереккөз: POLISIA.KZ