Департаментке жүгінгеннен кейін қонақүйдің тоқтатылған броні үшін қаражат қайтарылды
Департаментке жүгінгеннен кейін қонақүйді брондаудан бас тартуға байланысты туындаған дау реттеліп, тұтынушыға брондау құны толық көлемде қайтарылды.
20 шілде күні Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қонақүйдің брондалған нөмірі үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартуына байланысты облыс тұрғынынан шағым келіп түсті.
Өтініш берушінің айтуынша, ол алдын ала қонақүйден нөмірді брондап, тұру қызметі үшін 25 000 теңге төлеген. Алайда жеке жағдайларға байланысты сапарға шыға алмай, брондаудың күшін жоюға мәжбүр болған. Соған қарамастан, қонақүй әкімшілігі төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары өтінішті қарап, тараптарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, дауды реттеуге жәрдем көрсетті.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мәселе тұтынушының пайдасына шешіліп, қонақүй өтініш берушіге брондау үшін төленген 25 000 теңгені толық көлемде қайтарды.
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға сатушылармен немесе қызмет көрсетушілермен дау туындаған жағдайда өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін уәкілетті органға жүгінуге құқылы екенін еске салады. Уақытылы жүгіну дауды заң аясында тиімді шешуге және тұтынушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті