ВАНДАЛИЗМ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЗИЯН
Қоғамдық орындардағы ғимараттар мен нысандарды бүлдіру, тарихи-мәдени ескерткіштерге жазу жазу, сурет салу, табиғи және мәдени нысандарды қорлау – жай ғана тәртіпсіздік емес, заңмен жауапкершілік көзделген әрекет.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм – тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғауындағы табиғи объектілерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлау.
Мұндай әрекет үшін 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.
Ал егер вандализм:
- әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен;
- адамдар тобымен немесе алдын ала сөз байласу арқылы;
- пайдакүнемдік мақсатта;
- бірнеше рет жасалса,
онда жаза күшейтіледі: 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, 300-ден 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сонымен қатар бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру жағдайларында, әрекет қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне жетпесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша әкімшілік айыппұл немесе әкімшілік қамақ көзделген.
Вандализмнің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Қоғамдық орындарды, саябақтарды, ескерткіштерді, аялдамаларды, абаттандыру нысандарын сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ортақ мүлікке келтірілген зиян – бүкіл қоғамға келтірілген зиян.
Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қарау және қоғамдық мүлікті қорғау – заң талаптарын орындаудың ғана емес, қоғамға деген жауапкершіліктің белгісі.