Энергетика вице-министрі Ақмола облысының тұрғындарымен газ саласындағы реформаларды талқылады

WhatsApp Image 2025-07-03 at 11.09.57

Қосшы қаласында газ инфрақұрылымын дамыту және саланы реформалау мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қатысып, өңір тұрғындарына газ саласын жаңғырту бағыттары мен алдағы мақсаттар жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Іс-шараға Энергетика министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, «QazaqGaz» акционерлік қоғамының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Құдайберген Арымбектің айтуынша, газ саласының тұрақты жұмыс істеуі мен ұзақмерзімді дамуы үшін кешенді тәсіл қажет. Қазіргі уақытта елімізде газ тұтыну деңгейі 62%-ға өсіп, өндіріс көлемінен озып отыр. Бұл жағдай қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту мен кеңейту үшін ауқымды инвестиция тартуды талап етеді.
«Саланы қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және газ жеткізудің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында реформалар бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама инвестиция тартуға, газ желілерін жаңғыртуға және өңірлерді газдандыру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Газ саласын дамыту жөніндегі барлық стратегиялық шешімдер Президент жанындағы кеңесте мақұлданған», – деді вице-министр.
Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов газдандыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Қосшы, Аршалы және Целиноград аудандарында «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бірінші кезеңі белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл кезең 2025–2026 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Ал екінші кезең 2028 жылдан басталып, Көкшетау қаласын және облыстың алты ауданын қамтитын болады», – деді ол.
Сонымен қатар, министрлік өкілдері жаңа газ өңдеу зауыттарын салу жоспарымен бөлісті. Бұл кәсіпорындар шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашады.
Жиын соңында Құдайберген Арымбек тұрғындармен ашық әрі сындарлы пікір алмасу үшін алғысын білдіріп, халықпен байланыс одан әрі жалғасатынын, барлық шешімдер ашық түрде, азаматтардың мүддесін ескере отырып қабылданатынын жеткізді.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

kkҚазақ тілі