Степногорск қаласында қала экономикасы тұрақты дамуда

WhatsApp Image 2025-07-04 at 10.31.41

Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасенов  2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Әкімнің айтуынша, есептік кезеңде қала Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі бойынша 22,7 пайызбен жетекші орын алды. Өнеркәсіптік өнім көлемі 220 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артқан. Алайда «Қазахалтын» кәсіпорнында кен өндірудің төмендеуі өндіріс индексінің 97,7 пайызға азаюына әсер еткен.

Ауыл шаруашылығында 1,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенінде 3,2 және 5,8 млрд теңгеге бағаланған екі жоба жүзеге асырылуда. Шағын және орта бизнес саласында 3758 субъект жұмыс істейді, 280 жаңа жұмыс орны ашылған. Бөлшек сауда айналымы 10,9 млрд теңгеге жетіп, жылдық өсім 19,3 пайызды құрады.

Қала экономикасына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылып, қазіргі таңда 28 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс көлемі 1,9 млрд теңге болса, 1392 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында автожолдарды жөндеу, жылу және сумен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Изобильное және Шаңтөбе ауылдарында су жүйелері салынып жатыр. ТЭЦ-ті жаңғыртуға 7,4 млрд теңге бөлінген.

Биыл 838 жұмыс орны құрылып, орташа жалақы 397,6 мың теңгені құрады. 2171 адам әлеуметтік көмекпен қамтылды.

Білім беру саласында 2443 бала мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуде. №1 мектепте күрделі жөндеу басталды, ал Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. «Алтыналмас» компаниясымен серіктестік аясында қалада 12 млрд теңгеге спорт сарайы және 10 млрд теңгеге 1000 орындық жаңа мектеп салу жоспарланған.

Дене шынықтырумен қамту көрсеткіші 42,8 пайызға жетіп, биыл 355 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. «Тарлан» және «Сұңқар» кешендері пайдалануға берілді, Бестөбеде де спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Мәдениет саласында 94 клуб жұмыс істеп, 1300-ден астам іс-шара өткізілген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарабұлақ ауылында мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр.

Қала әкімі Гайдар Қабдуллаұлының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердегі оң динамика тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

kkҚазақ тілі