Сандықтау ауданы көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік қорғанысты күшейтті

WhatsApp Image 2026-02-23 at 13.10.02

Сандықтау ауданында биылғы жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігі бұл бағытта халықтың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, инфрақұрылым нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге басымдық беруде. Бұл туралы брифинг барысында Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Гидрологиялық жағдайды талдау нәтижесінде ауданда 10 елді мекен су басу қаупі аймағына енген. Олардың қатарында Сандықтау, Балкашино, Каменка және Максимовка ауылдары бар. Жағдайға Жабай, Саркырама және Жыланды өзендері негізгі әсер етуде. Соңғы жылдары өзен арналарының өсімдік басуы мен шөгінділердің жиналуы салдарынан су өткізу қабілеті төмендеген.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі инженерлік қорғаныс бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын іске асырды. Бүгінде жоспарланған нысандардың басым бөлігінде жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Балкашино ауылы маңындағы Жабай өзенінің жағалауы бойында ауқымды жағалауды бекіту және арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілді. Жоба аясында қорғаныс бөгеттерін салу және өзен арнасын тереңдету қарастырылған. Бұл тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға төнетін қатерді азайтуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Ахметов.

Брифинг барысында жол инфрақұрылымына да ерекше назар аударылды. Биыл аудандық маңызы бар, Новоселовка және Каменка ауылдарына апаратын автожолдардағы су өткізу құрылғылары жөнделді. Сонымен қатар Новый Городок ауылында автожолға арналған құрастырмалы көпірді орнату жұмыстары жалғасуда. Бұл көктемгі тасқын кезінде көлік қатынасының үзілуі мәселесін шешуге бағытталған.

Мүмкін болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін 115 адамнан және 50 бірлік инженерлік техникадан тұратын күштер тобы дайындалған. Қызметтер иелігінде мотопомпалар, жүзу құралдары және жағдайды бақылауға арналған дрон бар. Су басу қаупі бар елді мекендерде халықты құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы тексеріліп, уақытша орналастыру пункттері мен малды қауіпсіз аймаққа көшіру орындары әзірленген.

Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары қарды шығару жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын және өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстарын жүргізуге дайындық жасалып жатқанын атап өтті. Жүйелі тәсіл мен барлық қызметтердің дайын болуы көктемгі су тасқыны кезеңін бақылауда ұстап, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі