Ақкөл ауданында тұрақты даму қамтамасыз етілуде

2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Ақкөл ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсімге қол жеткізді. Бұл туралы аудан әкімі Біржан Абдрахманов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан өнеркәсібінде 1,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,2%-ды құрады. Электрмен жабдықтау, су беру, жылумен қамтамасыз ету салаларындағы кәсіпорындар белсенді жұмыс істеп отыр.
«Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2,6 млрд теңгеге жетті. Өсімнің негізгі бөлігі мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында бірнеше шаруашылықтар заманауи технологияларды енгізуде», деді спикер.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 697,6 млн теңгені құрап, өсім 3 еседен асты (ИФО – 320,1%).
Биылғы жылы Ақкөл қаласында 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұған дейін әлеуметтік осал топтарға 52 пәтер берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
«Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту – басты басымдықтардың бірі. 5 елді мекенде су желілерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ерназар ауылында су тазарту кешені орнатылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етті. Жоба аяқталғанда аудан халқының 100%-ы таза ауыз сумен қамтылады»,деп толықтырды әкім.
Аудан бойынша 2,4 шақырым облыстық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Аудандық және ауылішілік жолдарға грейдерлеу және шұңқырларды жамау жұмыстары жалғасуда. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шара.
Білім, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Азат ауылында мәдени-спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Ақкөл қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар.
Ауданда жеке инвестициялар есебінен еліміздегі алғашқы органикалық бағыттағы заманауи сүт-тауар фермасын іске қосу көзделуде. Жоба аясында цифрландыру, роботтандыру элементтері енгізіліп, экологиялық таза өнім өндірісі жолға қойылады.
Ақкөл ауданы әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруда. Аудан әкімдігі экономика, әлеуметтік сала, инфрақұрылым мен экология бағыттарындағы бастамаларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ