XXV қысқы Олимпиада: Ақмола облысынан 6 спортшы Италияға аттанады

WhatsApp Image 2026-01-09 at 18.08.22

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Спортшылар қысқы спорттың 8 түрі бойынша 16 дисциплинада жүлделерді сарапқа салады. Осы аламанға Ақмола облысының спортшылары да жоғары дайындықпен аттануда. Бұл туралы брифинг барысында Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Аян Шөкенов мәлімдеді.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль еншілеп, қысқы спорт түрлеріндегі әлеуетін дәлелдеді. Бұл жетістіктердің қалыптасуына Ақмола облысының спортшылары да елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының алты спортшысы XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысу жолдамасын иеленді. Оның үшеуі — шорт-трек, үшеуі — шаңғы жарысы бойынша. Жалпы облыс спортшылары 22 лицензия жеңіп алып отыр. Ал биатлон бойынша жолдамалар қаңтар айының ортасында өтетін халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша белгілі болады.

Шорт-трек бойынша Ақмола облысының үлесі ерекше. Ұлттық құраманың Олимпиадаға жолдама алған төрт спортшысының үшеуі — осы өңірдің намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшылар. Денис Никиша, Яна Хан және Ольга Тихонова — Азия ойындарының жүлдегерлері, әлемдік деңгейдегі жарыстарда өзін дәлелдеген спортшылар. Қазіргі уақытта олар Астана қаласында дайындық жүргізіп, кейін Нидерландыдағы оқу-жаттығу жиындары арқылы Олимпиадаға аттанады.

Сонымен қатар, шаңғы жарысы бойынша да Ақмола облысының спортшыларына артылар үміт зор. Надежда Степашкина, Анна Мельник және Ксения Шалыгина халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған, жоғары дайындықтағы спортшылар. Қазір олар Щучинск қаласында жаттығып, кейін Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарынан соң Олимпиадаға жол тартады.

Биатлон бағыты бойынша да облыс спортшылары жолдама үшін күресті жалғастыруда. Александр Мухин мен Вадим Куралес Германияда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңдерінде ел намысын қорғап, лицензия алу үшін бар күшін салуда.

Осы орайда, олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Аян Шөкенов өңір спортшыларының дайындығына жоғары баға беріп отыр:

«Ақмола облысының спортшылары Олимпиадаға жоспарлы әрі жүйелі дайындықпен келіп отыр. Әрбір жолдама — бірнеше жылдық еңбектің, жаттықтырушылар мен спортшылардың бірлескен жұмысының нәтижесі», — дейді Аян Шөкенов.

Қорыта айтқанда, Ақмола облысының спортшылары XXV қысқы Олимпиада ойындарына жоғары дайындықпен және зор үмітпен аттануда. Ел жанкүйерлері олардың Италия төрінде лайықты өнер көрсетіп, Қазақстан абыройын асқақтатады деп сенеді.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

kkҚазақ тілі