Ақмола облысында жер қойнауын пайдалануды бақылау күшейтілуде

WhatsApp Image 2026-06-24 at 11.43.53

Өңірде жер қойнауын пайдалану саласын дамыту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сала кәсіпорындары инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қомақты қаражат бағыттады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьянов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс күшіне енгеннен кейін елімізде «Бірінші келген – бірінші алады» қағидаты қолданысқа енгізілді. Бұл лицензияларды конкурстық рәсімдерсіз беруді көздейді. Алайда лицензиялар тек Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген және қоғамдық тыңдаулардан өткен учаскелер бойынша ғана беріледі.

Қазіргі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған ондаған лицензиялар мен келісімшарттар қолданыста. Кен орындарының ең көп шоғырланған аумақтары – Целиноград, Аршалы және Зеренді аудандары. Мұндай шоғырлану өңірдің елордаға жақын орналасуымен және құрылыс материалдарына деген жоғары сұраныспен байланысты.

«Біздің міндетіміз – жер қойнауын ашық әрі жауапкершілікпен пайдалануды қамтамасыз ету, заңнама талаптарының толық сақталуын бақылау және экономиканың дамуы мен өңір тұрғындарының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау», – деп атап өтті спикер.

Лицензиялық міндеттемелердің орындалуын бақылауға ерекше көңіл бөлінуде. Басқарма тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Соңғы бір жарым жыл ішінде белгіленген талаптарды бұзған бірқатар компаниялардың келісімшарттары тоқтатылып, лицензиялары кері қайтарылды.

Сонымен қатар жерлерді қалпына келтіру және жер қойнауын пайдаланушылардың өз міндеттемелерін орындауы мәселелері бойынша талап-арыз және сот жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде алдағы уақытта да бақылау тетіктерін жетілдіру жалғасады. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етіп, саланың тұрақты дамуына негіз болады.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі