Көктемгі әскерге шақыру: Қазақстан Қарулы күштері толық жасақталды

WhatsApp Image 2026-06-02 at 09.11.56

Елімізде Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр.

1 маусымдағы жағдай бойынша Қарулы күштерді, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалды.

Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің мәліметінше, жаңа шақырылғандардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерген. Әскери қызметшілер жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық және атыс дайындығының негіздерін меңгерген, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысқан. Дайындықтың қорытынды кезеңі ретінде салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі өткізілді.

Қазірдің өзінде мерзімді қызметтің сарбаздары әскери өмірге сәтті бейімделіп, өз міндеттерін атқаруға кірісті. Несие міндеттемелері бар әскери қызметшілер заңнамада қарастырылған мүмкіндікті пайдаланып, қызмет ету мерзімінде төлемдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, олардың көпшілігі қызметін аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурсқа қатысуды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта ел өңірлерінде әкімдердің орынбасарларының басшылығымен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын жалғастырып жатыр. Негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, оның қатарына 7 мыңнан астам жас шақырылатын болады.

Азаматтарға шақыру электронды форматта SMS-хабарламалар және eGov порталы арқылы келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі. Электрондық хабарлама ресми шақыру мәртебесіне ие. Хабарлама алған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал әскери қызметтен жүйелі түрде жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Жалпы көктемгі әскерге шақыру аясында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат қосылады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1232220?lang=kk