2026 жылы Ақмола облысының МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер орын алмақ

WhatsApp Image 2025-12-26 at 15.38.32

Ақмола облысында медициналық қызмет көрсету жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырап, тұрғындар үшін қолжетімділік пен сапа артып келеді. Бұл жөнінде брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ұлттық сақтандыру ұйымының өкілдері баяндады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Диас Сайданғазин атап өткендей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар арқылы әр азаматқа сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етіп, әлеуметтік осал топтарды қорғалуда.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджет есебінен шамамен бір миллион адамды қамтиды. Бұл – жұмыспен қамтылмаған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар. Осы санаттағы адамдар медициналық көмекке жүгінген кезде ғана сақтандыру жарналары төленеді.

Жүйеге енгендердің саны артып, облыста 640 мыңнан астам адам МӘМС арқылы сақтандырылған. Бұл халықтың денсаулығын қадағалау мен медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің төлемдерін уақытылы жүргізбеуінен кейбір азаматтар сақтандырылмай қалатыны анықталды. Бұл мәселе Фонд филиалы тарапынан арнайы түсіндіру жұмыстары арқылы шешілуде. Соңғы үш айда 2 500-ге жуық адам сақтандырылған.

«Биыл облыста 6 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетіліп, оның ішінде жоғары технологиялық операциялар мен диагностика, соның ішінде КТ, МРТ, жүрекке және миға жасалатын күрделі операциялар қамтылды»,-деп қосты Диас Сайданғазин.

Ұлттық сақтандыру ұйымының облыстық филиалы директоры Талғат Тұрмағанбет, өз сөзінде:
«МӘМС жүйесі тек қалалық деңгейде ғана емес, аудандық және ауылдық деңгейде де жоғары сапалы медициналық қызметке қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл әр азаматқа тең дәрежеде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық сақтандыру ұйымының облыстық филиалы директоры.

Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік маңызды аурулардың тізімі жаңартылып, 11 нозологияны қамтиды. Ең алғаш рет тізімге эпилепсия және инсульттен кейінгі цереброваскулярлық аурулар енгізілді. Балалар церебральдық сал ауруы, қант диабеті және басқа созылмалы аурулары бар науқастар үшін барлық ем-шаралар сақталады, тек қаржыландыру көзі өзгереді.

«Қант диабетімен ауыратын науқастар үшін жаңа скрининг бағдарламасы енгізіледі, заманауи инсулиндер мен помпа терапиясы барлық категориядағы пациенттерге тегін беріледі. Бұл өзгерістер халыққа медициналық көмек сапасын арттыруға және әр азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған»,-деді Талғат Тұрмағанбет.

«Облыстық филиал бірінші басшылар мен орынбасарлар үшін семинар өткізді. Онда 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алу тәртібі туралы түсіндіру жүргізілді, әсіресе D және E санатындағы азаматтарға (жұмыспен қамтылмаған, төмен кірісі бар, отбасының негізгі қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайтын азаматтар).

Бұдан әрі барлық медициналық қызметкерлерге, оның ішінде емханалар, ФАП және ауылдық амбулаториялық пунктілерде де сабақтар ұйымдастырылады. Әр медициналық ұйымда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жауапты маман тағайындалды»,-деп қосты Ақмола облысы бойынша Салидат Қаирбекова атындағы Ұлттық ғылыми орталық филиалының директоры Зәуреш Бапанова.
Жалпы, Ақмола облысында МӘМС жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапалы және тиімді ем-шараларды қамтамасыз етіп отыр. Медициналық көмек тек қала тұрғындарына емес, аудандық және ауылдық деңгейде де бірдей қолжетімді болып келеді.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

kkҚазақ тілі