Тассуат ауылында жаңа шамдар жағылды
Жарқайың ауданына қарасты Тассуат ауылында тұрғындардың көптен күткен қуанышы жүзеге асты. Бұл — ауыл тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі: 5 көшеге көшелік жарық шамдары орнатылды.
Бұл мәселе ауыл тұрғындарының талай жылдан бері көтеріп жүрген ортақ тілегі болатын. Бүгінде ол өз шешімін тауып, көшелер жарықтанып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды.
Жоба аудандық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен жүзеге асырылды. Көшелерді жарықтандыруға 6 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа шамдар Ыбырай Алтынсарин, Иманов, Целинная, Алиби Жангелдин және Ишимская көшелерінде орнатылды. Жалпы саны 20 көше шамы.
«Көшелердің жарықтандырылуы — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Бұл ауыл өмірінің сапасын арттырады», — деп атап өтті Жарқайың ауданының әкімі Жүсіпбеков Ербол Кәрімұлы.
Ауыл тұрғындары да атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
«Көптен күткен арманымыз орындалды. Енді кешкі уақытта көшелеріміз жарық, жүріп-тұру әлдеқайда қауіпсіз», — деді Тассуат ауылының тұрғыны Жаманова Бахыт Мұратқызы.
Аудан аумағындағы басқа елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.
Дереккөз: Жарқайың ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


