Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Cisco компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
ҚР ЖИЦДМ, желілік технологиялар мен киберқауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшы Cisco компаниясы жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер, цифрлық трансформация салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсімі C5+1 форматындағы бизнес-конференция барысында өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Cisco компаниясының мемлекеттік органдармен стратегия жөніндегі аға вице-президенті Джефф Кэмпбелл қатысты.
Меморандум алдағы бес жыл ішінде ЖИ инфрақұрылымын дамыту, құзыреттерді арттыру және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруды көздейді.
«Бүгін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум Cisco-ның Қазақстанмен ынтымақтастығын тереңдетіп, ЖИ негізіндегі цифрлық трансформация стратегиясын жеделдетуге мүмкіндік береді. ЖИ экожүйесінің табысты дамуы Cisco технологияларының өзегі болып саналатын сенім мен қауіпсіздікке негізделеді. Біз Қазақстанның ЖИ және инновация саласындағы мақсатын қолдауға дайынбыз, бұл елдің ұзақ мерзімді экономикалық табысына ықпал етеді»,- деді Cisco компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл стратегиясы жөніндегі аға вице-президенті Джефф Кэмпбелл.
Дереккөз: ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі