2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі өседі

2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты негізгі өзгерістерді таныстырды. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шайкенов брифингке мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Спикердің айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС ставкасы қазіргі 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл өзгеріс барлық айналымдарға және импортталатын тауарларға қолданылады.
«Жаңа Салық кодексі салық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға, түсімдерді арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар салалар үшін жеңілдіктер көзделген», – деді Бауыржан Шайкенов.
Медицина саласы үшін ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі енгізіліп отыр. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар ҚҚС-тан босатылады.
Сондай ақ жаңа жылдан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға беру ҚҚС-тан босатылмайды. Бұған дейінгі жеңілдік құрылыс саласында күрделі есеп жүргізуді талап еткен.
«Тұрғын үйге қатысты ҚҚС жеңілдігі ұзақ уақыт бойы тиімділігін көрсете алмады. Оны алып тастау салық есебін жеңілдетіп, администрлеу процесін оңтайландырады», – деді Шайкенов.
2026 ға дейін басталған немесе пайдалануға берілген үйлерді сату кезінде ҚҚС алынбайды. Жаңа кодексте ҚҚС-тан босатылатын қызметтер қатары кеңейді. Атап айтқанда:ішкі туризм бойынша туроператорлардың қызметтері, Қазақстанда шығарылған кітаптар мен баспа қызметтері,археологиялық жұмыстар.
Импорт кезінде де бірқатар тауарлар ҚҚС-тан босатылады. Олардың қатарында ресми даму көмегі шеңберінде әкелінетін тауарлар, арнайы шарттарға сәйкес жеткізілетін технологиялық жабдықтар және әуе кемелеріне арналған жанар-жағармай материалдары бар.
2026 жылдан бастап экспорттық операциялар бойынша ҚҚС нөлдік ставкасы тауардың кедендік шекарадан нақты өткен күніне қарай белгіленеді. Шетелдік компаниялардан алынған қызметтер үшін электронды шот-фактураны қазақстандық ҚҚС төлеуші өзі рәсімдеуі тиіс.
Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында ҚҚС-тың қосымша зачетқа жатқызылатын үлесі 80%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ декларация тапсыру мерзімдері нақтыланып, есептілік жүйесі жеңілдетілді.
Спикердің айтуынша, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бизнес үшін артық әкімшілік ауыртпалықты азайтып, салық салудың әділдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Жаңа нормалар кәсіпкерлер үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Есеп жүргізу жеңілдейді, салық жүйесінің ашықтығы артады», – деді Бауыржан Шайкенов.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ