Үрейсіз үй: полиция отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы
Көкшетауда полиция, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындарының қатысуымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Қатысушылар тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын, зардап шеккендерге қолдау көрсету тетіктерін және зорлық-зомбылық жағдайларын дер кезінде анықтаудың маңызын талқылады. Әсіресе, үй жағдайында жасырын қалатын психологиялық қысым, қорқыту, қорлау және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлеріне назар аударылды.
Ақмола облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Сағит Жұманбаевтың айтуынша, мұндай жағдайларды ерте кезеңде анықтап, олардың ауыр қылмыстарға ұласуына жол бермеу маңызды. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылыққа куә болған балалар да қорғау мен психологиялық қолдауды қажет етеді.
Жыл басынан бері Ақмола облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық теріс қылықтар бойынша әйелдерден 124 өтініш тіркелген. 62 әйел мен 111 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Бұдан бөлек, құқыққа қайшы әрекеттерге жол берген тұлғаларға қатысты 3 600-ден астам қорғау ұйғарымы шығарылған.
Кездесу соңында ашық диалог өтіп, азаматтарға заңда көзделген қорғау шаралары, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі және зорлық-зомбылық жағдайында әрекет ету алгоритмі түсіндірілді.
Зорлық-зомбылық – отбасының жеке мәселесі емес. Әр адам қорқынышсыз, қорлаусыз, қауіп-қатерсіз өмір сүруге құқылы. Уақытылы көмекке жүгіну мен айналадағы адамдардың бейжай қарамауы қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл әрқайсымыздан басталады!