Полиция нотариустарға интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертті

WhatsApp Image 2026-09-24 at 11.03.09

Көкшетауда полиция қызметкерлері нотариустармен жұмыс кездесуін өткізіп, жылжымайтын мүлікті заңсыз иеліктен шығаруға және азаматтардың дербес деректерін пайдалануға байланысты интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы ескертті.

Кездесу Көкшетау қаласының Полиция басқармасында Ақмола облысы Нотариаттық палатасының төрағасы Гүлжан Кубитаеваның қатысуымен өтті. Іс-шарада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері сөз сөйледі.

Полиция қызметкерлері пәтерлер мен басқа да жылжымайтын мүлікке қатысты сатып алу-сату мәмілелерін рәсімдеу кезінде туындайтын тәуекелдерге ерекше тоқталды.

Алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланып, өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға психологиялық қысым көрсетеді. Олар түрлі сылтаулармен тұрғындарды мүлкін шұғыл сатуға, басқа адамға рәсімдеуге немесе ақша аударуға көндіруге тырысады.

Осыған байланысты нотариустарға азаматтың мәміле жасау кезіндегі жағдайына мұқият назар аудару қажеттігі айтылды. Әсіресе азамат асығыс әрекет етсе, психологиялық қысымға ұшырағаны байқалса немесе банк пен мемлекеттік орган қызметкері ретінде хабарласқан белгісіз адамдардың қоңыраулары туралы айтса, мәміленің мән-жайларын қосымша тексеру маңызды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері дербес деректерді, SMS арқылы келетін кодтарды, банк карталарының деректемелерін және басқа да құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын еске салды. Нотариустарға алаяқтықтың алдын алуға арналған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Кездесу қорытындысы бойынша полиция мен нотариаттық қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ықтимал алаяқтық әрекеттерге жедел ден қою мақсатында бірлескен жұмыс тобы құрылды.

Ақмола облысының полициясы азаматтарды белгісіз адамдардың қысымына берілмеуге, күмәнді ақпаратты ресми дереккөздер арқылы қайта тексеруге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға шақырады.