Мопедтер бақылауда: Қазақстанда тіркеу мен пайдалану ережелері жаңарды

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап Қазақстанда мопедтер ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Енді олардың иелері техниканы полицияда тіркеуі, А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігіне ие болуы, жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыруын рәсімдеуі қажет. Толығырақ ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметінің материалынан біле аласыздар.
Ақмола облысының полиция департаменті хабарлағандай, бүгінгі күні 2141 мопед тіркелген, әрі тіркеу процесі автомобильдер сияқты тұрақты негізде жалғасады. Есепке қою үшін иелері арнайы ХҚКО-ға жеке куәлікпен және көлік құжатарымен жүгінуі тиіс, ал құжаттар болмаған жағдайда интернет-дереккөздерден мопед сипаттамасын ұсынып, тексерістен өтіп, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Егер қозғалтқыш көлемі 50 см³-тан асса, кеңейтілген құжаттар топтамасы талап етіледі: кедендік декларация, көлік құралының электронды паспорты және сату-сатып алу шарты.
Жаңа ережелер мопедті пайдалану тәртібіне де қатысты: рульді бір қолмен ұстамай басқаруға, автобандарға шығуға тыйым салынады, ал жүргізуші мен жолаушы міндетті түрде түймеленген мотошлемде болуы тиіс.
Қосымша атап өтілгендей, электрсамокат пен велосипед жүргізушілері де ЖҚЕ сақтауға міндетті. Оларға рульді ұстамай жүруге, арнайы жабдықсыз жолаушы тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелін түсірмей кесіп өтуге, жарық шағылыстырғыш элементсіз қараңғыда қозғалысқа, түймеленбеген шлемде жүруге болмайды.
Электрсамокаттардың тротуарда жүру жылдамдығы сағатына алты шақырыммен шектелген, ал 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар адамдарға ғана жолдың оң жақ жиегімен немесе қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүруге рұқсат етіледі. Велосипедшілер веложолақпен, жолақ бойымен немесе жол жиегімен қозғала алады, алайда қозғалтқышы бар велосипедтердің тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.
Полиция департаменті бұл ережелерді сақтау – жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігінің басты кепілі екенін еске салады.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ