Көкшетауда қайырымдылық пен достық форумы өтті

WhatsApp Image 2025-02-27 at 13.39.18

Көкшетауда дәстүрлі қайырымдылық пен достық форумы өтті. Бұл шараны “Biz Birgemiz! – Біз біргеміз!” қоры ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге дайын жанашырларды бір ортаға  біріктірді.

“Biz Birgemiz!” қоры бірнеше жыл бойы ерекше балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жалғызбасты қарттарға қолдау көрсетіп келеді. Қордың негізгі бағыттарының бірі – жастарды еріктілікке баулу. Себебі өскелең ұрпақ мейірімділік пен жанашырлық дәстүрін жалғастыруы керек.

Қайырымдылық пен Достық форумы – жай ғана кездесу емес, ол жүректерге жылу сыйлайтын ерекше шара. Бір дастархан басына мүмкіндігі шектеулі балалар, “Бірлік” және “Шанс” қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ ерекше балалардың аналары жиналды. Сонымен қатар, форумға қайырымдылық жасаушылар, волонтерлер және қордың әлеуметтік жобаларына белсенді атсалысып жүрген колледж студенттері қатысты.

Бұл форум 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын дәстүрге айналып, жаңа игі істерге шабыт береді. Іс-шара аясында қайырымдылық саласында ерекше үлес қосқан жандар марапатталды. Ең белсенді волонтерлер мен меценаттарға қор тағайындаған “Алтын жүрек Көкше” мүсіні мен дипломы табысталды.

Форумның ерекше сәттерінің бірі – “Жыл адамы” марапатын табыстау болды. Бұл құрметке паралимпиадашы Еркін Ғаппасов ие болды. Оның қайсарлығы, өмірге деген құлшынысы мен табандылығы көпке үлгі.

Форумның салтанатты бөлігімен қатар, қонақтар үшін концерттер, ойын-сауық бағдарламалары және жылы жүздесулер ұйымдастырылды. “Biz Birgemiz!” қоры материалдық қолдаумен қатар, ерекше балалар мен жандардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға ұмтылады. Осы мақсатта табиғатқа шығу, сауықтыру бағдарламалары және түрлі мәдени іс-шаралар өткізіледі.

«Біздің қор – бұл жақсылық көпірі, мұқтаж жандар мен көмектескісі келетін адамдарды байланыстыратын алаң. Біз мейірімділік пен достық адамдардың өмірін өзгерте алады деп сенеміз», – дейді ұйымдастырушылар.

Форум аяқталды, алайда оның мәні мен маңызы ұмытылған жоқ. “Biz Birgemiz!” қоры барлық жанашыр жандарды игі істерге атсалысуға және қайырымдылықты өмір салтына айналдыруға шақырады.

kkҚазақ тілі