Жаңа Қалқұтан ауылында қайтарылған активтер есебінен амбулатория салынып жатыр

WhatsApp Image 2025-07-18 at 14.16.42

Ақмола облысының Жаңа Қалқұтан ауылында бір ауысымда 45 адамды қабылдауға арналған заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында мемлекет бюджетіне қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Бұл нысан — өңірде қайтарылған активтерден қалыптастырылған арнайы қор есебінен салынып жатқан алғашқы әлеуметтік объектілердің бірі болмақ.

Ақмола облысының құрылыс басқармасы хабарлағандай, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.

«2024 жылы 129,4 миллион теңге игерілді, оның 94,6 миллионы — Үкімет резервінен, 34,8 миллионы — облыстық бюджеттен бөлінді. Биыл, 2025 жылы, жұмысты аяқтауға арнайы мемлекеттік қордан 218,4 миллион теңге бөлінді», — деп нақтылады басқармада.

Құрылыс жұмыстарын «Корпорация QR» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық қадағалауды «СервисСтрой Сапа Орталығы» ЖШС, авторлық қадағалауды «ДизайнПроектМонтаж» ЖШС жүргізуде. Қазіргі уақытта нысанға медициналық технологиялық жабдықтар жеткізіліп жатыр. Пайдалануға берілгеннен кейін амбулатория бір ауысымда — таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін, аптасына бес күн жұмыс істейтін болады.

«Медициналық персоналдың штаттық саны алты адамды құрайды: екі дәрігер, үш медбике және бір санитар. Бұдан бөлек, бір техникалық қызметкер қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарына аудан орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде алғашқы медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді Астрахан ауданы әкімдігіндегілер.

Амбулаторияда профилактикалық, санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шаралар, диспансерлік бақылау, салауатты өмір салты жөнінде түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ науқастарды қабылдау жүргізіледі.

Бұл жоба — мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің азаматтар игілігіне нақты түрде жұмсалуының жарқын мысалы. Мұндай қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі Қазақстан Үкіметінің бастамасы — бұл тек әділеттілік емес, сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған тиімді құрал.

Ақпарат: Ақмола облысының ІСБ

Фото: Астрахан ауданының әкімдігі

kkҚазақ тілі