Жастардың 80%-дан астамы елдің даму бағытына және өз болашағына сенімді – зерттеу нәтижесі

WhatsApp Image 2025-10-15 at 09.54.15

«British Council» ұйымы жүргізген «Қазақстанның келешек ұрпағы» атты зерттеу нәтижелері жарияланды. Бұл зерттеу аясында ұйым әлем жастарына өз ойларын білдіруге мүмкіндік беретін «Next Generation» («Келешек ұрпақ») атты платформаны ұсынады. Оның мақсаты – жастардың даусын естіп, олардың үміттері мен қиындықтарын, сондай-ақ қоғамды өзгерту мен қалыптастырудағы рөлін түсіну.

Қазақстандағы зерттеу жұмысы LSE Consulting, Орталық Азия Барометрі (ЦАБ) және жобаның Кеңесші кеңесімен серіктестік аясында жүзеге асырылды.

Зерттеуге 18 бен 35 жас аралығындағы 1270 жас қазақстандық қатысты: олардың ішінде 1202 адам – репрезентативті сауалнамаға, ал 68 қатысушы – сұхбат пен фокус-топтарға тартылды.

Зерттеу аясында жастардың құндылықтарының, өмірлік ұстанымдарының және оларға әсер ететін факторлардың қалыптасуына талдау жүргізілді.

Біріншіден. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандық жастар отбасыға ерекше мән береді және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан өз тегін мақтан тұтады. Олар үшін басты ықпал көзі – отбасы, ал екінші орында – достар мен құрдастар.

Бұл тұжырым өзге де заманауи зерттеулермен сәйкес келеді: түрлі сауалнамаларға сәйкес, жастардың 80%-дан астамы үшін отбасы – ең маңызды өмірлік құндылық. Сондай-ақ, жастар өздерінің жеке табысы мен өмірлік бақытына баға бергенде көбіне отбасы мен достарының пікіріне сүйенеді.

Екіншіден. Қазақстандық жастар қоғамдағы қиындықтарды байыппен қабылдай отырып, жоғары деңгейдегі оптимизмді сақтап келеді. 80%-дан астам респондент елдің даму бағытына және өз болашағына сенімді. Бұл – тұрғын үй бағасының қымбаттығы мен экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан байқалатын үрдіс.

Жастардың көпшілігі өмірі мен мансабы жайында оң көзқарасқа ие: ерлердің 86%-ы және әйелдердің 83%-ы өмір сапасына қанағаттанатынын айтқан, ал 87% ер және 82% әйел өздерінің кәсіби болашағына сеніммен қарайды.

Зерттеу көрсеткендей, қазіргі ұрпақ қиындықтарды даму мүмкіндігі ретінде қабылдай отырып, бейімделгіштік пен төзімділікті көрсете біледі. Олар дәстүрлі отбасылық және мәдени байланыстарды сақтай отырып, жеке және кәсіби дамуға көбірек көңіл бөледі. Бұл – қоғамда қалыптасып келе жатқан жаңа үрдісті, яғни дәстүр мен жаңа мүмкіндіктер арасындағы тепе-теңдікті іздеу бағытын көрсетеді.

Үшіншіден. Сандық және сапалық деректер жастардың көпшілігі білім сапасына және оның болашағына бейтарап немесе оң көзқараста екенін көрсетті. Жастардың 57%-ы Қазақстандағы білім беру жүйесі жақсарып келеді деп есептейді.

Барлық жас топтарында оң пікір басым, әсіресе 30–35 жас аралығындағы азаматтар арасында. Мәселен, бұл жастағылардың 78%-ы білім қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші деп санайды.

Төртіншіден. Жастардың 70%-дан астамы білімді қоғамды жақсартудың ең тиімді құралы деп есептейді. Көпшілік білімнің еңбек нарығына дайындық тұрғысынан пайдалы екенін айтады.
Жетекшілік, мәселелерді шешу және коммуникация – жұмыс орнындағы негізгі табыс дағдылары ретінде бағаланады.
Көптеген жастар қазақ және ағылшын тілдерін білуді артықшылық деп санайды: олардың 80%-ы шет тілдерін үйренудің маңыздылығын атап өткен. Басты себептер – жұмысқа орналасу мен саяхаттау мүмкіндігі (49%), білім деңгейін арттыру (47%) және әлеуметтік байланыстарды кеңейту (47%).

Бесіншіден. Кәсіпкерлік – қазақстандық жастар үшін ерекше қызығушылық тудыратын сала. Барлық жас топтарында сауалнамаға қатысқандардың үштен екісінен астамы алдағы бес жылда жеке бизнес ашуға ниетті екенін білдірген.

Алтыншыдан. Жастар жаһандық жағдайдың өз өміріне әсерін жақсы түсінеді және халықаралық процестерге қызығушылық танытады. Олар Қазақстанды үш өлшемде “көпір ел” ретінде көреді:

географиялық – ірі державаларды байланыстыратын;
дипломатиялық – сенімді өңірлік делдал;
мәдени – Батыс пен Орталық Азия арасындағы байланыстырушы буын.

Жастардың ерекше мақтанышы – елдің өңірдегі ең ірі экономика ретіндегі мәртебесі және прогрессивті даму үлгісі ретінде қалыптасқан беделі.

Жетіншіден. Климаттық тақырыпқа қызығушылық артып келеді: жастардың көбі ауа сапасы, қалдықтарды басқару және су тапшылығы мәселелеріне алаңдайды. Дегенмен, олар өздеріне тән оптимизм мен белсенді ұстанымын сақтап, бұл мәселелердің шешімін табуға дайын екендерін көрсеткен.

Сегізіншіден. Азаматтық белсенділік бағытында жаңа үрдістер байқалады. Жастар қоғамдық мәселелерді шешу үшін ерікті бастамашыл топтар құруда (мысалы, қалалық инфрақұрылым немесе ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек).
Сондай-ақ, цифрлық белсенділіктің жаңа түрі қалыптасуда – әлеуметтік желілерде әлеуметтік және экономикалық тақырыптарды талқылау кеңінен таралған. Бұл әртүрлі формада көрініс табуда: көркем перформанстар, блог жүргізу, карикатура мен комикс жасау, музыка және экобелсенділік.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

kkҚазақ тілі