Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды

WhatsApp Image 2026-01-24 at 14.35.40

Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы.

Сондықтан, алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап беруге рұқсат етіңіздер.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады.

Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс.

Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты.

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді.

Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды.

Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді.

Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады.

Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады.

Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы.

Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді.

Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы.

Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды.

Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт.
Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді.

Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.

Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы.

Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама.
Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім» деген болатын.

Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.

Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы.

Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ.

Бесінші – Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы.

Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс.
Сондықтан, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі.

Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді.

Алтыншы – Парламенттегі квоталар.

Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады.

Мемлекет басшысы айтқандай, «президенттік квота» деген болмайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс» деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді.

Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота.

Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер.

Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы.

Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам.
Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды.

Сегізінші – Негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті туралы.

Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті.

Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген.

Дереккөз: Telegram-арнасы https://t.me/consot_kz