Бурабай ауданында 1-ші тоқсанда бюджет кірісі 23 млрд теңгеден асты

WhatsApp Image 2025-06-05 at 11.55.06

Бурабай ауданында 2025 жылдың алғашқы бес айындағы ауданның негізгі даму бағыттары туралы баяндалды. Аудан әкімі өнеркәсіп, агросектор, туризм және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы көрсеткіштерге тоқталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан әкімнің айтуынша, бес айда өндірілген өнім көлемі 51,1 млрд теңгені құрады, оның ішінде 43 млрд теңгеден астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
«Көптеген көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Соның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл басынан бері 5%-ға артты. Аудандағы орташа жалақы 401 мың теңгеге жетіп, 13,2%-ға өсті», – деді Арай Садықов.
Агроөнеркәсіптік кешен Бурабай ауданы үшін басты бағыттардың бірі болып отыр. Биыл 173 мың гектар алқапқа егіс егілді, майлы дақылдардың үлесі артты. Мемлекеттік қолдау аясында шаруаларға 2,5 млрд теңге субсидия беріліп, 13 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Сондай-ақ сүт өндірісі бойынша бірқатар жобалар жүзеге асуда. «Burabay Milk» фермасы қайта жаңғыртылып, мал басы 1600 басқа дейін көбейеді. «Айна» зауыты жаңартылып жатыр, ал 6 млрд теңгеге бағаланған жаңа сүт кешенінің құрылысы жоспарлануда. Бұдан бөлек, 50 мың тонналық астық қоймасы мен етті терең өңдейтін кәсіпорын салу да күн тәртібінде тұр.
Бурабай туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бес айда ауданға 355 мыңнан астам турист келген. Ағымдағы жылы бес инфрақұрылымдық жоба аяқталады. Олардың қатарында Щучье көліндегі жағажайды абаттандыру, Бурабайда серуен аймағын салу және 119 бейнебақылау камерасын орнату бар.
«Туризм – тек демалыс емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, салық және өңірдің танымалдығы. Щучинск қаласында вокзал мен курорт аймақтарын байланыстыратын жаңа автобус бағыты іске қосылды», – деді аудан әкімі.
Ауданда 18 шақырым жол жөндеу жоспарланған, жұмыстар ауылдық округтерде және Щучинск қаласында жүргізілуде. Сонымен қатар жеті ауылда су құбыры желілері жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін төрт мыңға жуық тұрғын таза ауызсуға қол жеткізеді.
Қызу дайындық жылыту маусымына да жүргізілуде – Щучинскідегі бес қазандық жаңартылып жатыр. Әлеуметтік салада екі ауылдық клуб, спорт залы және мектептерді жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау шаралары жалғасуда.
Аудан басшысы бюджетті толықтыру бойынша да нақты нәтижелерді атап өтті. Цифрландыру мен көлеңкелі экономиканы азайту есебінен салықтық база ұлғайған. Биылғы бірінші тоқсанда туризмнен түскен табыс ғана 1 млрд теңгеге жуықтады. Ал барлық деңгейдегі бюджетке түскен кіріс 23 млрд теңгеден асты.
«Әрине, проблемалар бар. Жол, коммуналдық қызмет, жұмыссыздық сияқты мәселелер тұрғындарды толғандырады. Біз сиқырлы шешім уәде етпейміз, бірақ нақты, жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Ашықтық пен тұрақты байланыс – басты қағидамыз», – деді Арай Садықов.
Бурабай ауданы биыл да әлеуметтік-экономикалық өсімді сақтап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Әкімнің баяндамасынан ауданның даму әлеуеті жоғары екені аңғарылады.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

kkҚазақ тілі