Ақмола облысында көктемгі мұз қауіпті: мамандар тұрғындарға ескерту жасады

WhatsApp Image 2026-04-03 at 08.33.49

Ақмола облысында ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты су айдындарындағы мұздың беріктігі айтарлықтай әлсіреп, тұрғындар үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Мамандардың айтуынша, көктемгі кезеңде мұз сырт көзге берік көрінгенімен, оның құрылымы босап, кез келген сәтте опырылып кетуі мүмкін.Бұл туралы брифингте Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Аслан Нұрқанов қазіргі жағдайға қатысты мәлімдеді.

«Көктемгі мұз – ең қауіпті кезеңдердің бірі. Күндізгі жылымық пен түнгі суықтың әсерінен мұздың құрылымы өзгеріп, ол әлсірейді. Сондықтан оның үстіне шығу өмірге тікелей қауіп төндіреді, – деді ол.

Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың қараша айынан бері облыс аумағында 2 мыңнан астам рейд жүргізілген. Нәтижесінде 133 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл көлемі 1,7 миллион теңгеден асқан. Бұл көрсеткіштер ескерту шараларына қарамастан, тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын әлі де толық сақтамай отырғанын аңғартады.

Өкінішке қарай, өткен жылы қайғылы жағдай да тіркелді. Шортанды ауданында ер адам балық аулау кезінде жұқа мұзға шығып, суға батып кеткен. Сонымен қатар, дәл осы ауданда мұз астына көлік түсіп кеткен екі дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, арнайы жабдықталмаған жерлерден мұзға шығу – аса қауіпті.

«Біз тұрғындарға үнемі ескерту жасап келеміз. Алайда кейбір азаматтар өз қауіпсіздігіне бейжай қарайды. Мұз үстіне шығу, әсіресе көлікпен жүру – орны толмас жағдайларға әкелуі мүмкін», – деп атап өтті Аслан Нұрқанов.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, мұз үстіне шықпау, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және көлікпен мұзға шықпау қажет.

Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі.

Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаңыз.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі