Ақмола облысында жұмысшылардың мүддесі қорғалуда
Өңірде еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бағытында жүйелі шаралар қолға алынды. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев мәлімдеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының басты міндеті — әрбір азаматтың еңбек құқығының сақталуын қамтамасыз ету. Жыл басынан бері департамент мамандары кәсіпорындарда еңбек жағдайларын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Статистика көрсеткендей, азаматтардың өз құқықтарын білуге деген ынтасы артып, мемлекеттік органдарға деген сенімі нығаюда. Бұл өз кезегінде еңбек саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
«Біз үшін ең бастысы — жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы түсіністікті арттыру. Қазіргі таңда облыс бойынша жүздеген кәсіпорын қауіпсіздік стандарттарын енгізіп, еңбек адамының құқығын қорғауды басты орынға қойып отыр», — деп атап өтті Уақыт Бейсембаев.
Облыста «Нөлдік жарақаттану — Vision Zero» тұжырымдамасы кеңінен насихатталуда. Бүгінде 3000-нан аса кәсіпорынмен осы бағыттағы меморандумдар бекітілді. Бұл дегеніміз — мыңдаған жұмыс орнының халықаралық қауіпсіздік стандарттарына қарай бет бұрғаны.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен «Народный контроль» және «Вертикальный контроль» жобалары жүзеге асырылуда. Еңбек саласын цифрландыру аясында «Карта трудовых рисков» автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ол түйткілді мәселелерді ерте кезеңде анықтап, еңбек жанжалдарының алдын алуға мүмкіндік береді.
Еңбек заңнамасын қатаң сақтап, қауіпсіздік мәдениетін жоғары деңгейде ұстап отырған озат кәсіпорындар да бар. Мысалы, «Атбасар электровоздарды жөндеу зауыты» («Камкор Локомотив» ЖШС филиалы) еңбек құқығын үлгілі сақтағаны үшін «Сенім сертификатымен» марапатталғанын ерекше атап өтті спикер.
«Біздің облыста қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру — ортақ міндет. Әрбір кәсіпорын қызметкерінің өмірі мен денсаулығы — ең жоғарғы құндылық. Алдағы уақытта да профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған заманауи жобаларды енгізуді жалғастырамыз», — деді Уақыт Бейсембаев.
Бүгінде облыстың 900-ден астам ұйымында арнайы өндірістік кеңестер құрылып, техникалық инспекторлар жұмыс істеуде. Бұл шаралардың барлығы — Ақмола өңіріндегі еңбек қауіпсіздігінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанының белгісі.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі