Ақмолада «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті: курсанттар мен оқытушыларға тегін құқықтық көмек көрсетілді
Ақмола облысында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі – «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Аталған шараны Ақмола облысының прокуратурасы Әділет департаментімен бірлесіп өткізді. Сонымен қатар іс-шараға Полиция департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, адвокатура, нотариат және жеке сот орындаушыларының өкілдері қатысты.
Акция Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында өтіп, оқу орнының оқытушылары мен курсанттарын қамтыды. Іс-шара барысында қатысушыларға Конституциялық соттың №27 және №38 нормативтік қаулыларының негізгі нормалары жан-жақты түсіндірілді.
Шараның басты ерекшелігі – тәжірибелік бағытта ұйымдастырылуы болды. Академияның 100-ден астам оқытушысы мен курсанты нақты құқықтық сұрақтарына жауап алып, білікті мамандардан кеңес алды. Полиция өкілдері интернет-алаяқтардың кең таралған тәсілдері туралы айтып, азаматтардың өзін және жақындарын қалай қорғау керектігі жөнінде пайдалы ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар қатысушылар алимент өндіру, банк шоттарынан тыйымды алып тастау секілді өзекті мәселелер бойынша құқықтық көмек алды. Азаматтар интернет-алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда полицияға жүгіну тәртібімен де таныстырылды.
Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері заманауи цифрлық мүмкіндіктерге де тоқталды. Атап айтқанда, чат-боттар арқылы заң көмегін алу, «Заң және Тәртіп» цифрлық сервисін пайдалану жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ кешенді әлеуметтік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібі мен мүмкіндіктері кеңінен баяндалды.
«Құқықтық дәріхана» акциясы – халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтардың заң алдындағы сауаттылығын күшейтуге бағытталған тиімді алаң. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайта түсері сөзсіз.
Дереккөз: Ақмола облысының прокуратурасы