Қазақстанда мемлекеттік қызметті жаңғырту туралы заңға қол қойылды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңартылған заңға және оған ілеспе заңнамалық түзетулерге қол қойды. Өзгерістер пакеті мемлекеттік аппаратты ауқымды цифрлық трансформациялауға, халыққа бағдарланған сервистік модельге көшуге және жас таланттарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте негізгі жаңашылдықтар туралы облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов баяндады.
Реформаның басты бағыты – мемлекеттік қызметшілер жұмысына сервистік тәсілді заңнамалық тұрғыда бекіту болмақ. Заңда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына бағытталған мінез-құлық моделі нақты айқындалған. Сонымен қатар, басқарушылардың адалдығы мен кәсіби тазалығының негізгі өлшеміне айналатын мінсіз бедел институты енгізіледі. Бұдан бөлек, нормативтік-құқықтық база елдің жаңартылған Конституциясына толық сәйкестендірілді.
Түзетулер мемлекеттік функцияларды орындауға жәрдемдесетін тұлғалардың құқықтық мәртебесіне де әсер етті. Атап айтқанда, келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер, шетелдік мамандар мен техникалық персонал үшін қызметтік әдеп, жауапкершілік және мүдделер қақтығысының алдын алу мәселелері қатаң реттелді.
«Өңірлерге жас әрі талантты кадрларды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке даярлаудың толыққанды институты енгізілуде. Бұл – мемлекеттік міндеттерді тиімді орындауға қажетті құзыреттерді алдын ала қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәжірибелік іс-шаралардың кешені», – деді Нұрқат Батырқұлов.
Ашықтықты қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі – іріктеу рәсімдерін «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы толық цифрлық форматқа көшіру. Бұл жүйе қолданыстағы мемлекеттік қызметшілерді де, мемлекеттік заңды тұлғалардағы басшылық лауазымдарға үміткерлерді де қамтиды.
Сондай-ақ «Б» корпусы қызметшілерінің мансаптық өсу жүйесі икемдірек бола түседі. Бір лауазым аясындағы көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіліп, енді қызметкерлердің еңбекақысы берілген лауазымдық деңгейге тікелей байланысты болады.
Сонымен қатар жауапкершілік институты да реформалануда. Тәртіптік жазалардың мерзімі олардың ауырлық дәрежесіне қарай сараланады. Ал құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгімелесу мен құзыреттерді жоспардан тыс тексеру секілді превентивтік құқықтық ықпал ету шаралары тәжірибеге енгізіледі.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі