Степногорск қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

WhatsApp Image 2026-11-02 at 15.04.12

Степногорск қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Туған қаласының тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға ниет білдірген 200-ден астам тұрғын орталық алаң мен оған іргелес аумақтарды тазалауға қатысты.

Экологиялық шараға қаладағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, жастар және еріктілер жиналды. Сенбіліктің ашылу салтанатына Степногорск қаласының әкімі Талғат Ерсейітов қатысып, тұрғындарды ортақ іске белсенді атсалысуға шақырды. Қала әкімі өз сөзінде қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтіп, бұл бастаманың Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының стратегиялық мақсаттарымен үндесетінін жеткізді.

«Президент өз Жолдауында Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құруды басты стратегиялық мақсат ретінде айқындады. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрақты өзгерістер жаңа қоғамдық әдептен, әр адамның ел тағдыры үшін жеке жауапкершілігін сезінуінен басталады. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» акциясы – туған жерге деген жанашырлықты, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және ортақ іске жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратын маңызды бастама. Тазалық бір күндік сенбілікпен шектелмеуі керек. Ол әрқайсымыздың күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Қаламыздың көркеюіне бәріміз бірге үлес қосуымыз қажет», – деді Талғат Ерсейітов.

Ресми бөлімнен кейін акцияға қатысушылар орталық алаң мен оған іргелес аумақтарды тазалауға кірісті. Сенбілік барысында тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоғамдық орындар ретке келтірілді. Қатысушылар қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және қоғамдық орындарды таза ұстауға бағытталған. Мұндай бастамалар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын үлгі етеді.
Қаланың тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Таза әрі жайлы ортаны қалыптастыру әрбір тұрғынның белсенділігі мен туған жерге деген жанашырлығынан басталады.