Оралда өткен Қазақстан – Ресей өңіраралық форумында Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ойлары соңғы жылдардағы экономикалық саясаттағы жаңа векторды айқын көрсетеді

WhatsApp Image 2025-11-13 at 16.57.31

Оралда өткен Қазақстан – Ресей өңіраралық форумында Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ойлары соңғы жылдардағы экономикалық саясаттағы жаңа векторды айқын көрсетеді. Басты назар шикізатқа емес, адам капиталына, нақтырақ айтқанда, жұмысшы мамандықтарының әлеуетіне аударылған.

Форум тақырыбының «жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» деп аталуы да кездейсоқ емес. Бұл – цифрлық дәуір мен автоматтандыру заманында «қол еңбегі» ұғымының жаңаша мәнге ие бола бастағанының көрінісі.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, мемлекет кәсіби және техникалық білім беруді түбегейлі жаңартуға, колледждер мен кәсіпорын арасындағы байланысты күшейтуге және жұмысшы мамандардың беделін арттыруға бағыт алып отыр. Бұл – өте орынды шешім.

Ресейге сапар аясында дәл осы форумның тақырыбы таңдалуы да жұмысшы мамандықтарының маңызын көрсетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ осы сапар кезінде екі мемлекеттің басшылары біраз салада уағдаластық жасады.

Біріншіден, тауар айналымын 30 миллиард долларға жеткіземіз деп отыр. Қазір 28 миллиард доллардан асқан. Ортақ жобалар ретінде көлік-транзит саласын атап өтуге болады. Қазақстан да, Ресей де «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да бағыттарды кеңейтуге мүдделі. Өйткені бұл жүк тасымалын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар сауда-саттықты да арттырады.

Еліміздегі тұңғыш АЭС-ті «Росатом» салатыны белгілі. Сол себепті де энергетика саласында ынтымақтастық керек. Мұның бәрі екіжақты кездесуде жан-жақты талқыланды деп ойлаймын. Сондай-ақ мұнай мен оның өнімдерін өндіру, тасымалдау мәселелері жөнінде де келісім жасалыпты. Еліміздің солтүстік өңірлеріне Ресейдің газын жеткізу де әңгімеге арқау болған.

Қысқасы, бүгінгі форум да, екіжақты кездесу де табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Форум жұмысшы мамандықтардың маңызын ашып көрсетсе, келіссөздер кезінде екі елге пайдасы тиетін келісімдер жасалды.

Дереккөз: Дәурен Сейітжанұлы-тің Facebook-тегі жазбасы — https://www.facebook.com/100002008591703/posts/25094452296871711/?mibextid=wwXIfr&rdid=OkrWSxn7blLeVcDv#

kkҚазақ тілі