Ақмола облысының 100-ден астам педагогі жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізіп жатыр

WhatsApp Image 2025-11-06 at 10.07.14

Жасанды интеллект бүгінде қоғам дамуының басты құралына айналды. Бұл бағытта Ақмола облысы да алдыңғы қатарда. Өңір мұғалімдері жаңа технологияларды меңгеріп, оларды сабақ әзірлеу мен оқытуда белсенді қолдануда. ChatGPT, Canva, Bing Copilot секілді платформалар сабақ материалдарын дайындауды жеңілдетіп, оқытуды тиімді ете түсті. Бұл туралы брифинг барысында Білім берудегі өңірлік жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыров мәлемдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
ЖИ-ды дұрыс пайдалану үшін педагогтердің біліктілігі артып келеді. «Өрлеу» орталығы арқылы 120-дан астам мұғалім арнайы курстардан өтіп, жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдануды үйренді. Ал Astana Hub алаңында өңірлік тренерлер “Game Development” және “Жасанды интеллект” бағыттарында білімін жетілдіруде.
«Көкшетаудағы әл-Фараби атындағы IT-лицей мен жоғары техникалық колледж ЖИ енгізудің үздік мысалдары саналады. Колледж студенттері тіпті эмоциялық күйді талдайтын мобильді қосымша жасап шығарды»,-деп қосты орталық басшысы.
Өңірдің білім беру жүйесінде «Alaqan AI» атты интеллектуалды жүйе іске қосылып, мұғалімдердің жұмысын автоматтандыруда. Ал 1-сыныптан бастап енгізілген «Цифрлық сауаттылық» пәні балаларға компьютерлік және алгоритмдік ойлауды үйретуде.
«2025 жылдан бастап мектептерде «Жасанды интеллект негіздері» модулі енгізілмек. Сондай-ақ IT мен бағдарламалауға арналған пилоттық курстар басталды»,-деп атап өтті Қадыров.
«Aqmola Hub» технопаркі жасанды интеллектке негізделген стартаптарға жол ашты. Өңірден қатысқан бірнеше жоба республикалық деңгейде танылды.
Ақмола облысының білім басқармасы жанынан құрылған Цифрлық штаб бұл бағыттағы барлық жұмысты үйлестіріп, педагогтердің цифрлық құзыретін арттырумен айналысуда.
Жасанды интеллектіні енгізу – бұл болашаққа жасалған сенімді қадам. Ақмола облысы білімде инновацияның жаңа дәуірін бастап келеді.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

kkҚазақ тілі