Ақмола облысында 2024–2025 жылдардағы жылу маусымының қорытындысы шығарылды

Ақмола облысында 2024–2025 жылдардағы жылу маусымының қорытындысы шығарылды: өрт саны азайды, алдын алу шаралары күшейтілді
Ақмола облысында 2024–2025 жылдардағы жылу беру маусымы өз мәресіне жетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, есепті кезеңде өрт саны мен келтірілген материалдық шығын көлемі азайған. Алайда халық, әсіресе балалар арасындағы қаза мен жарақат алу фактілері әлі де алаңдатарлық деңгейде қалып отыр.
Өткен маусымда өңірде барлығы 328 өрт тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда аздап төмен көрсеткіш. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 16 адам, соның ішінде 5 бала қаза тапты. Тағы 5 адам жарақат алған, оның екеуі – балалар. Қауіп-қатерге қарамастан, құтқарушылардың кәсіби әрекетінің арқасында 10 адам аман қалды. Дегенмен, кәмелетке толмағандардың өлімі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Өрттің басты себептері – пештер мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау. Өрттердің жартысынан астамы жеке тұрғын үйлерде болған. Сонымен қатар, өрт жағдайлары шаруашылық құрылыстар мен көпқабатты үйлерде де жиі тіркелген. Көп жағдайда бұл оқиғалардың алдын алуға болар еді – егер қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталғанда.
Көмірқышқыл газымен улану да әлі де болса жасырын қауіп болып отыр. Аталған маусымда 4 адам, оның ішінде 2 бала уланған. Өкінішке қарай, бір бала көз жұмды. Өткен жылы улы газдан көз жұмғандар саны бұдан көп болғанымен, әрбір мұндай жағдай – шұғыл әрекетке шақыратын дабыл.
Алдын алу мақсатында ТЖД мамандары ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Автономды жылыту жүйесі бар жүздеген мың үй тексерілді. Үй иелеріне жабдықты қауіпсіз пайдалану жөнінде кеңестер берілді. Әлеуметтік осал топтарға – көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл санаттағы тұрғын үйлерге 1800-ден астам улы газ датчигі орнатылды. Солардың бірі – Біржан Сал ауданында іске қосылып, екі қарияның өмірін сақтап қалды. Жалпы, соңғы үш жылда осы құрылғылардың арқасында облыс бойынша 30 адамның өмірі құтқарылған.
Түсіндіру жұмыстары барлық қолжетімді арналар арқылы жүргізілді. Теледидар мен радиода жүздеген бағдарлама көрсетілді, әлеуметтік желілерде ақпараттық жазбалар жарияланды, көшелерде дыбыстық хабарландырулар таратылды. Сауда орталықтарындағы LED-экрандар пайдаланылып, тұрғын үйлерге QR-кодпен жабдықталған жадынамалар ілінді. Сонымен қатар, тұрғындарға пожар қауіпсіздігі ережелері туралы SMS-хабарламалар жіберіліп отырды. Жеке секторда өрт сөндіру көліктерінің жүріп өтуіне кедергі келтіретін бетон кедергілер алынып тасталды, бұл төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартады.
Департамент өкілдерінің айтуынша, тұрмыста орын алатын өрттердің негізгі себебі – ересектердің немқұрайлылығы. Бұл әсіресе үйде қараусыз қалатын балаларға қатысты. Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, оларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға кеңес береді.
Жылу маусымының аяқталуы босаңсуға себеп емес. Өрттің алдын алу жұмыстары жаз мезгілінде де жалғасады. Себебі, департамент мамандары айтқандай, қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігі мен қамқорлығынан басталады.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ