Ақмола облысында қоғамдық кеңестер форумы өтті
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде қалай ескерілуі керек? Қоғамдық бақылаудың нақты нәтижесін қалай қамтамасыз етуге болады? Бұл мәселелер Көкшетау қаласында өткен Ақмола облысы қоғамдық кеңестерінің форумында талқыланды. Жиынға өңірдің аудан-қалаларынан келген өкілдер, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы қатысып, Жаңа Конституция жағдайындағы қоғамдық кеңестердің жаңа міндеттерін сөз етті.
Бүгінде қоғамдық кеңестер жергілікті мәселелерді талқылауға, бюджетті жоспарлауға және мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуге қатысады. Дегенмен олардың жұмысының басты көрсеткіші нақты нәтижелермен өлшенуі тиіс. Атап айтқанда, тұрғындардың мәселелерінің шешілуі, ұсыныстарының ескерілуі және қабылданатын шешімдердің ашықтығы маңызды.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, өңір елімізде алғашқылардың бірі болып қоғамдық кеңестердің қызметін жүйелі түрде қолдауға кіріскен. Кеңес мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты түрде оқыту семинарлары, тәжірибе алмасу кездесулері мен форумдар ұйымдастырылып келеді.
Форумда конституциялық өзгерістерге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында айқындалған міндеттерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қозғалды.
«Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетігі болып қалуы тиіс. Қоғамдық ұсыныстар басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріліп, кеңестер олардың іске асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуі маңызды. Өңірлер мен ауылдық аумақтардың мәселелеріне, әлеуметтік қызметтердің сапасына, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет», – деп атап өтті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Рахметулина.
Сондай-ақ форум барысында аудандық және қалалық қоғамдық кеңестердің үздік жұмыс тәжірибелері таныстырылды. Қатысушылар жергілікті мәселелерді шешу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Практикалық оқытуға да басымдық берілді. Қоғамдық кеңес мүшелеріне арнап үш тақырыптық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Алғашқысы қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және «Заң мен тәртіп» қағидатына арналды. Екінші сабақта бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнату, тұрғындардың мәселелерін жария ету және заманауи коммуникация құралдарын пайдалану жолдары қарастырылды. Ал үшінші бағыт мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылына және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктеріне арналды.
Форум аясында қоғамдық кеңестердің жұмысына белсенді атсалысып жүрген азаматтар да марапатталды. Оларға Ақмола облысының әкімі атынан Алғыс хаттар табысталды.