Аршалы ауданында «Таза ел – жарқын болашақ» экологиялық акциясы өтті
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Есіл өзенінің жағалауында «Таза ел – жарқын болашақ» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты қорғау ісіне азаматтардың жауапкершілігін арттыру болды. Акция барысында өзен жағалауы мен қоғамдық аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық бастама Мемлекет басшысының елдегі экологиялық ахуалды жақсарту, азаматтардың экологиялық санасын дамыту және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Акцияға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық белсенділер және аудан тұрғындары болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Аршалы ауданының әкімі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және Жастар ресурстық орталығының директоры құттықтау сөз арнады. Олар өз сөздерінде экологиялық тәрбиенің маңыздылығын, белсенді азаматтық ұстанымды және туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғынның қосатын үлесінің ерекше екенін атап өтті.
Қатысушылар қоршаған ортаға қамқорлық жасау мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар, әр азаматтың экологиялық жауапкершілігі тұрақты дамуды қамтамасыз етуде және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Акция жоғары ұйымшылдық, өзара қолдау және қоғамдық белсенділік жағдайында өтті. Іс-шара туралы ақпарат аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланып, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар Аршалы ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындарды экологиялық және табиғатты қорғау бастамаларына кеңінен тартуға, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Дереккөз: Аршалы ауданының әкімдігі
ТазаҚазақстан #ЧистыйКазахстан #TazaQazaqstan #TazaChallenge