Көмек дер кезінде көрсетілді: Көкшетауда 82 жастағы әйелге ақаулы кір жуғыш машина мәселесін шешуге көмектесті

WhatsApp Image 2026-11-13 at 17.36.30

24 тамызда Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «жедел желісіне» Көкшетау қаласының 82 жастағы тұрғыны жүгінді.

Зейнеткер әйел 2026 жылғы 20 шілдеде қаладағы желілік дүкендердің бірінен құны 220 000 теңге тұратын кір жуғыш машинаны несиеге сатып алғанын айтты.

Тауар жеткізілгеннен кейін әйел кір жуғыш машинаны орнату үшін маманды шақырған. Алайда сол күні кешке-ақ техникадан су ағып жатқанын байқаған. Шақырылған сантехник орнату жұмыстары барлық қажетті талаптарға сәйкес жүргізілгенін және ақаудың оның жұмысына қатысы жоқ екенін түсіндірген.

Әйел бірден дүкенге хабарласып, сервистік орталықтың байланыс деректерін алған. Сервистік орталық өкілдері бастапқыда ақауды жою үшін келуге уәде берген, алайда белгіленген уақытта келмеген. Кейін тұтынушының айтуынша, бір ай бойы сервистік орталықпен байланысу мүмкін болмаған.

Қажетті көмекке қол жеткізе алмаған 82 жастағы әйел 24 тамызда Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Департамент мамандары оған құқықтық көмек көрсетіп, сатушының атына тұтынушының талаптары көрсетілген сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмектесті.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде дүкен өтінішке жауап беріп, сервистік орталық қызметкерлерін тұтынушының тұрғылықты жеріне жіберді. Кір жуғыш машинаның ақауы сол жерде жойылды.
Бұл жағдай сатып алынған тауар сапасыз болып шыққан немесе сатушы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда тұтынушының мәселесімен жалғыз қалмауы керектігін тағы бір мәрте көрсетеді.

Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылық құқықтарыңыз бұзылған жағдайда кеңес және құқықтық көмек алу үшін жүгінуге болатынын еске салады.

Тауарды сатып алғанын растайтын құжаттарды, шартты, чектерді және қолда бар өзге де дәлелдерді сақтау маңызды.

Өз құқықтарыңды білу – оларды қорғаудың алғашқы қадамы.