Тұтынушыға 40 000 теңге қайтарылды: білім беру қызметіне қатысты мәселе шешілді

WhatsApp Image 2026-11-13 at 17.30.49

Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне білім беру қызметтерін көрсететін жеке кәсіпкерге қатысты тұтынушының өтініші келіп түсті.

Өтініш берушінің айтуынша, 2026 жылғы 11 тамызда ол оқу орталығынан құны 40 000 теңге болатын білім беру қызметін сатып алған. Төлем Kaspi Kredit арқылы жүргізілген.

Төлем жасалғаннан кейін тұтынушыға білім беру платформасына қолжетімділік берілген. Алайда кейіннен платформа жұмысын тоқтатып, соның салдарынан тұтынушы ақысын төлеген қызметті пайдалана алмаған. Сонымен қатар, куратормен және оқу орталығының өкілдерімен байланысу мүмкін болмаған.

Тұтынушының бұзылған құқықтарын қорғау мақсатында Департамент өтінішті қарап, кәсіпкерлік субъектісімен тиісті жұмыс жүргізді.

Нәтижесінде мәселе сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушыға 40 000 теңге мөлшеріндегі қаражат толық көлемде қайтарылды.

Тұтынушы мәселенің шешілгенін және кәсіпкерге қатысты ешқандай талап-арызы жоқ екенін растады.

Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыларға сатып алынған тауарлар немесе көрсетілген қызметтерге қатысты проблемалар туындаған жағдайда өздерінің заңды құқықтарын қорғау және консультациялық көмек алу үшін уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы екенін еске салады.

Әрбір тұтынушының өтініші – бұл нақты жағдай. Мұндай кезде басты мақсат – бұзылған құқықты қалпына келтірумен қатар, мәселенің әділ әрі заңды түрде шешілуін қамтамасыз ету.