Шетелден тауар әкелгенде кеден талаптарын естен шығармаңыз

WhatsApp Image 2026-06-24 at 11.54.05

Жаз мезгілі – демалыс пен саяхат маусымы. Осы кезеңде көптеген азаматтар шетелге шығып, елге қайтар жолда түрлі заттар, сыйлықтар немесе интернет арқылы сатып алған тауарларын бірге алып келеді. Осындай кезде Қазақстанның кедендік талаптарын білу – артық шығын мен уақыт жоғалтудың алдын алудың маңызды жолы. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Көкшетау-орталық кедендік рәсімдеу» кеден бекетінің басшысы Абай Шәйкенов мәлімдеді.

Абай Шәйкенов азаматтарға сапар алдында тауарларды әкелу тәртібіне назар аударуға кеңес береді.

«Кеден талаптарын алдын ала білу азаматтарға шекарадан өту кезінде қиындықтарға тап болмауға көмектеседі. Әрбір тауардың жеке пайдалануға арналғанын немесе коммерциялық мақсатқа жататынын анықтау маңызды», – дейді Абай Шәйкенов.

Жеке пайдалануға арналған тауар дегеніміз – азаматтың өзі немесе отбасы үшін қажет заттар. Яғни оларды сату немесе кәсіпкерлік мақсатта пайдалану көзделмейді. Мұндай тауарларды азаматтар өзімен бірге шекарадан өткен кезде, багаж арқылы немесе халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы ала алады.

Егер азамат Қазақстанға құрлық көлігімен келсе, құны 500 еуродан аспайтын және салмағы 25 келіге дейінгі тауарларды кедендік төлемсіз алып өте алады. Бұл мөлшерден асып кеткен жағдайда артық бөлігіне кедендік төлем есептеледі. Ал әуе көлігімен келген жолаушылар үшін талаптар өзгеше: ұшақпен келген кезде құны 10 мың еуроға дейінгі және салмағы 50 келіге дейінгі тауарларға баж салынбайды.

Шетелдік интернет дүкендерден сатып алынған тауарларға да арнайы тәртіп қолданылады. Халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы бір адамға құны 200 еуроға дейін және салмағы 31 келіге дейінгі тауарларды кедендік төлемсіз алуға болады. Егер белгіленген шек асып кетсе, артық бөлігіне заңнамаға сәйкес төлем жүргізіледі. Мұндай тауарларды рәсімдеу электронды жүйелер арқылы жүзеге асырылады, ал азаматтарға бұл бағытта пошта және курьерлік қызметтер көмектеседі.

Кейбір тауар түрлеріне ерекше талап қойылады. Мәселен, алкоголь өнімдерін тек 21 жасқа толған азаматтар әкеле алады. Үш литрге дейінгі алкогольге кедендік төлем салынбайды, ал одан жоғары көлемге арнайы талаптар қойылады. Темекі өнімдерін әкелуге де шектеу бар. Сонымен қатар қолма-қол ақша қаражаты 10 мың АҚШ долларына дейін декларациясыз өткізіледі, ал одан асқан жағдайда жазбаша түрде көрсету қажет.

Егер азамат белгіленген талаптарды сақтаса, шекарада «жасыл дәліз» арқылы өтіп, декларация толтырмайды. Ал нормадан асқан немесе арнайы бақылауды қажет ететін тауарлар болса, жолаушы кедендік декларация рәсімдеп, тиісті төлемдерді төлеуі тиіс.

«Кеден қызметінің мақсаты – азаматтарға қолайсыздық жасау емес, тауарлардың заңды түрде өтуін қамтамасыз ету. Сондықтан шетелге шығар алдында қандай тауарларға қандай талаптар қойылатынын біліп алған дұрыс», – деп атап өтті Абай Шәйкенов.

Қазақстан заңнамасына сәйкес қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, есірткі және психотроптық құралдар, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды алып өтуге болмайды.

Кедендік талаптарға қатысты толық ақпаратты азаматтар Көкшетау қаласындағы кедендік рәсімдеу орталығынан немесе 1414 байланыс орталығы арқылы ала алады.

Демалыс сапары сәтті өтуі үшін жолға шығар алдында кеден ережелерін біліп алу – әр азамат үшін маңызды қадам.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі