Ақмола облысының прокуратурасы сайлау алдындағы үгіт кезеңінде заңнама талаптарын түсіндіреді Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен

WhatsApp Image 2026-11-09 at 18.48.59

Ақмола облысының прокуратурасы сайлау алдындағы үгіт кезеңінде заңнама талаптарын түсіндіреді Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен

(2026 жылғы 12 қазандағы № 1521) барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 29 қарашаға мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындады
(2026 жылғы 13 қазандағы № 60/98).

Аталған сайлаудың өткізу тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен егжей-тегжейлі регламенттелген.

Сайлау тағайындалған сәттен бастап Ақмола облысының прокуратурасы осы сайлау науқанының барлық кезеңдерінде сайлау заңнамасының сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

2026 жылғы 1 қарашада сағат 18:00-де ең белсенді кезең – сайлау алдындағы үгіт басталды (2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады).

Осыған байланысты сайлау алдындағы үгіт – сайлаушыларды белгілі бір кандидатқа, саяси партияға дауыс беруге немесе оларға қарсы дауыс беруге қатысуға ынталандыру мақсатын көздейтін қызмет екенін түсіндіреміз.

Бұл ретте заңнамада кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік беретін және оны қорғайтын, сондай-ақ олар туралы жалған мәліметтерден қорғайтын нормалар көзделген.

Атап айтқанда, депутаттыққа кандидаттарға немесе олардың сенім білдірілген адамдарына, саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығын іске асыру барысында кедергі келтіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 103-бабында жауаптылық көзделген.

Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасау ӘҚБтК-нің 104-бабы бойынша жазаға әкеп соғады.

Өз кезегінде, жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға, саяси партияларға олардың сайлау алдындағы қызметіне байланысты жазбаша келісімінсіз қызметтер көрсетуіне тыйым салынады және бұл ӘҚБтК-нің 118-бабы бойынша құқық бұзушылық құрамын құрайды.

Аталған Конституциялық заңның 27-бабы 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгітті сайлаушыларға тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдікті шарттармен ұсынумен, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізумен, ақша төлеумен не осындай игіліктерді беруге уәде етумен ұштастыра жүргізуге де тыйым салынады.

Бұл әрекеттер сайлаушыларды сатып алу және сайлау алдындағы үгітті тиісінше жүргізбеу, оны өткізу шарттарын бұзу ретінде сараланады және ӘҚБтК-нің 122-бабының 2-бөлігі бойынша жазаға әкеп соғады.

Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған баспа, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, төсбелгілерді, тулар мен жалаушаларды тегін тарату бұған жатпайды.

Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы жүргізу шарттары осы заңның 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарында бекітілгенін ерекше атап өтеміз, оларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары:

– кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективті жариялауға;

– кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға;

– аталған тұлғаларға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды баспа басылымының жақын арадағы нөмірінде теріске шығарылатын хабарлама немесе материал жарияланған көлемде, сол қаріппен және сол орында тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті.

Осы талаптарды сақтамау ӘҚБтК-нің 112-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде мынадай құқық бұзушылық құрамдары да кең таралған:

– ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша анонимдік үгіттеу материалдарын, яғни аталған Конституциялық заңның 28-бабы 5-тармағында талап етілген міндетті деректемелері жоқ материалдарды дайындау немесе тарату (барлық үгіттік баспа материалдарында оларды шығарған ұйым, басып шығарылған орны мен таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс).

Бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушыларға олар үгіттеу материалдарын шарт негізінде дайындаған жағдайда қолданылады.

– ӘҚБтК-нің 114-бабы бойынша үгіттеу материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру.

– ӘҚБтК-нің 120-бабы бойынша сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарын бұзу.

Сонымен қатар сот депутаттыққа кандидаттардың немесе олардың сенім білдірілген адамдарының, саяси партиялардың басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратуы, сондай-ақ сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған жағдайда әкімшілік жауаптылық қана көзделмейтінін ескеру қажет.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабының талаптарына сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар тиісті сайлау комиссияларының осы кандидаттарды немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімдерінің күшін жоюға не адамды партиялық тізімнен шығаруға әкеп соғады.

Бұл ретте сайлау құқықтарына қол сұғатын барлық құқық бұзушылықтар (ӘҚБтК-нің 101–126-баптары) бойынша іс қозғау прокурордың айрықша құзыретіне жататынын атап өтеміз (ӘҚБтК-нің 805-бабы).

Сонымен бірге азаматтар өздерінің сайлау құқықтары бұзылған жағдайда сотқа тікелей өз бетінше жүгінуге құқылы (ӘҚБтК-нің 807-бабы 1-бөлігінің 4-тармағы).

Бұл жағдайда осы санаттағы істерді соттар бірден (прокурордың қаулысыз), бірақ прокурордың міндетті қатысуымен қарайды (сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлық құрамдары бойынша: ӘҚБтК-нің 101–126-баптары).

2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған сайлаудың қоғам мен тұтастай ел үшін ерекше маңызы мен мәнін ескере отырып, оны өткізу барысында сайлау науқанының барлық қатысушылары заңда белгіленген талаптарды мүлтіксіз сақтауға тиіс.

Әрбір құқық бұзушылық фактісі бойынша біз заңда көзделген барлық құқықтық шараларды қабылдайтын боламыз.

Ақмола облысының прокуратурасы