Телефондағы жаз: балаларды кибералаяқтардан қалай қорғауға болады?
Жазғы демалыс кезінде балалардың интернеттегі белсенділігі айтарлықтай артады. Онлайн ойындар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көп уақыт өткізетін жасөспірімдер кибералаяқтардың оңай нысанасына айналуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар балаларды көбіне ойындардағы «тегін бонус», «сирек сыйлық» немесе «жеңіл табыс» сияқты ұсыныстар арқылы алдайды. Олар жалған сілтемелер жіберіп, аккаунттың логині мен құпиясөзін немесе SMS-кодтарды сұрайды. Нәтижесінде бала өзінің ойын аккаунтынан, электрондық поштасынан немесе басқа да маңызды деректерінен айырылып қалуы мүмкін.
Қауіп әлеуметтік желілерде де кездеседі. «Бұл суреттегі сен бе?», «Сен туралы видео шықты» деген хабарламалар арқылы алаяқтар балаларды жалған сайттарға бағыттайды. Мұндай сілтемелер арқылы аккаунттар бұзылып, кейін достарына алаяқтық хабарламалар таратылады.
Соңғы уақытта интернеттегі жалған достық та кең таралған. Алаяқтар жасөспірімдермен ұзақ уақыт хат алмасып, сеніміне кіреді. Кейін түрлі өтініштер айтып, банк операцияларын растауға арналған кодтарды немесе жеке мәліметтерді алуға тырысады.
Сондай-ақ жаз мезгілінде фейк ұтыс ойындары мен жалған конкурстар көбейеді. «Смартфон ұттыңыз», «Сыйлық алыңыз» деген хабарламалар арқылы балалардан анкета толтыру немесе жеткізу ақысын төлеу талап етіледі. Кей жағдайда жасөспірімдер өздері байқамай заңсыз қаржылық схемаларға да тартылып кетуі мүмкін.
Мамандар балаларды интернеттен толық шектеудің тиімді еместігін айтады. Оның орнына ата-аналар цифрлық қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырғаны жөн.
Қарапайым қауіпсіздік ережелері:
• банк картасының деректерін ешкімге бермеу;
• SMS арқылы келген кодтарды жарияламау;
• күмәнді сілтемелерге өтпеу;
• екі факторлы қорғанысты пайдалану;
• жеке және қаржылық мәліметтерді қорғау;
• күмәнді жағдайлар туралы ата-аналарға хабарлау.
Балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік ережелерін сақтау жазғы демалысты қауіпсіз өткізуге көмектеседі.
Дереккөз: fingramota.kz