Ақмола облысында 300-ден астам кәсіпорын экологиялық бақылау жоспарына енгізілді
Өңірде табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне бақылау күшейтілуде. Тексерулердің қорытындысы мен жаңа экологиялық жобалардың іске асырылуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Тұрар Картамұлы мәлімдеді.
Жыл басынан бері департамент тұрғындар мен эко-белсенділердің өтініштері негізінде бірқатар тексерулер жүргізді. Анықталған әрбір заңбұзушылық бойынша оларды жою туралы нұсқамалар берілді. Спикердің айтуынша, ведомство табиғатты ластау фактілері туралы сигналдарға, оның ішінде әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттарға жедел әрекет етеді.
«Экологиялық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін 2026–2028 жылдарға арналған жаңа Жол картасы бекітілді. Ол қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған 37 іс-шараны қамтиды. Маңызды қадамдардың бірі – ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату. Қазіргі таңда Степногор ЖЭО мен «Көкше-Цемент» кәсіпорындарын қоса алғанда, үш нысанда бұл жүйелер жұмыс істеп тұр», – деді Тұрар Картамұлы.
Брифингте қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайына да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда облыстағы 25 полигон ғана қажетті рұқсат құжаттарына ие. Мәселені шешу үшін бірқатар аудандарда нысандарды заңдастыру жұмыстары басталды: Щучинск қаласында сұрыптау желісі бар полигон құрылысына құжаттар дайындалды, ал Ақкөл, Зеренді және Қосшы қалаларында осындай жобалар әзірленуде.
Сонымен қатар өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Биыл аумақтарды тазалау және ағаш отырғызу бойынша 36 ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған.
Қатаң мемлекеттік бақылау мен экологиялық ағартуды ұштастырған кешенді тәсіл ведомство жұмысының ашықтығын арттырып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі