Ақмола өңірі 100 пайыз таза ауызсумен қамтылу межесіне жақын
Ақмола облысында халық үшін аса өзекті мәселелердің бірі – ауызсумен қамту – бүгінде көп жылдық түйткілдер қатарынан шығып, нақты нәтижелер беріп жатқан бағытқа айналды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Марат Ахметжанов айтып берді.
Әкімнің айтуынша, биыл 77 елді мекеннің тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Қазіргі таңда 36 ауылда су құбыры желілері салынып жатыр, олардың жартысына жуығының құрылысы аяқталған.
«Нәтижесінде шамамен 20 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Ауылдық жерлер үшін бұл – елеулі жетістік», — деді өңір басшысы.
Ал ұзақ магистраль салуға мүмкіндік жоқ шағын ауылдарда су тазартуға арналған блок-модульдік станциялар орнатылуда. Қазірдің өзінде мұндай станциялар 6 мыңнан астам ауыл тұрғынын таза сумен қамтамасыз етіп отыр. Бұл тәсіл, әсіресе, бұрын ауызсуды тасып ішкен немесе ескі құдықтарды пайдаланған шалғай елді мекендер үшін тиімді шешім болды.
«Биылғы маңызды жобалардың бірі – Көкшетау қаласындағы су тазарту жүйесін жаңарту. Бұрынғы екі сатылы сүзу жүйесінің орнына бес сатылы жаңа технология енгізілді. Енді суды тазарту процесінде заманауи құм және көмір-анрацит сүзгілері қолданылады. Олар судың иісін, түсін және ұсақ бөлшектерін толық жояды. Сынақ нәтижесі бойынша судың мөлдірлігі мен түсі мемлекеттік стандарттардан екі есе жақсы көрсеткіш көрсетті», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланғанымен, жұмыстар мерзімінен бұрын, қыркүйек айында аяқталған. Соның арқасында бүгінде Көкшетаудың 200 мыңға жуық тұрғыны халықаралық стандарттарға сай сапалы су тұтынып отыр. Жаңа кешен тәулігіне 30 мың текше метрге дейін таза су өндіре алады.
Процестерді автоматтандыру жүйенің сенімділігін арттырып қана қоймай, жыл сайын судың өзіндік құнын субсидиялауға жұмсалатын шығынды шамамен 1 миллиард теңгеге азайтуға мүмкіндік берді.
Жаңа жылға дейін барлық ақмолалық таза ауызсуға қол жеткізеді. Яғни енді дүкеннен бөтелкедегі су сатып алу үйреншікті жағдай болудан қалады. Көптеген шағын елді мекендері мен күрделі ауылдық инфрақұрылымы бар өңір үшін бұл оңай міндет емес. Алайда қазіргі қарқын мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесіне қарағанда, Ақмола облысы толық таза ауызсумен қамтылған өңір болуға өте жақын.
Дереккөз: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы