Қоғамдық қауіпсіздік мәселелері Үйлестіру кеңесінде қаралды
28 мамыр күні Ақмола облысының прокуратурасында 2024–2028 жылдарға арналған «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасын іске асыру мәселелеріне арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің өкілдері қатысты.
Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету, маскүнемдік деңгейін төмендету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік желілер мен білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру, қайталама қылмыстың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайту бағыттарына ерекше назар аударылды.
Ақмола облысының прокуроры Р.Куттықов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша өңірдегі профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және Тұжырымдама міндеттерін іске асыруға бағытталған қосымша шаралар кешені әзірленді.
Дереккөз: Ақмола облысының прокуратурасы